Шымкентте Еңбек министрлігінің бұрынғы басшысына үкім шықты
Шымкентте Еңбек министрлігіне қарасты департаменттің бұрынғы басшысы Руслан Тұңғышбаев төтенше жағдайлар қызметкеріне пара бергені үшін сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы мамырда Тұран ауданының төтенше жағдайлар басқармасы Тұңғышбаев басшылық еткен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментін тексерген. Тексеруді жүргізген бас маман Азамат Бұлдырықов өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс талаптарына қатысты 23 заңбұзушылық анықтаған.
Алайда Тұңғышбаев заңбұзушылықтар санын қысқартуды сұраған. Нәтижесінде 3 маусымда Бұлдырықов тексеру актісіне 23 заңбұзушылықтың 16-сын ғана енгізген. Келесі күні департамент басшысы оны кабинетіне шақырып, тексеру нәтижесін өзгерткені үшін 100 мың теңге берген.
9 маусымда Бұлдырықов Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментіне өзі барып, қылмыс туралы арыз жазған. Тергеу барысында параға қатысты әңгімелердің жазбалары, тексеру құжаттары мен ақша дәлел ретінде алынған.
Сотта екеуі де кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Сот олардың бұрын сотталмағанын және отбасылық жағдайын ескерген. Тұңғышбаевтың алты баласы бар, оның үшеуі кәмелетке толмаған. Бұлдырықов төрт кішкентай баласы мен зейнет жасындағы ата-анасын асырайды. Дегенмен сот Бұлдырықовтың кәсіби антын бұзғанын жазаны ауырлататын мән-жай деп таныған.
Сот Руслан Тұңғышбаевқа бастапқыда 1,5 млн теңге айыппұл тағайындады. Алайда оның алты күн қамауда, 23 күн үйқамақта болғаны ескеріліп, айыппұл 1 197 250 теңгеге азайтылды.
Ал Азамат Бұлдырықовқа 2,5 млн теңге айыппұл салынып, азаматтық қорғау майоры атағынан айырылды.
Екеуіне де мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда, сондай-ақ үкімде көрсетілген өзге құрылымдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Сот олардың мүлкін тәркілеу жазасын қолданбады. Алайда пара ретінде берілген 100 мың теңге мемлекет кірісіне өткізілді. Бұдан бөлек, Тұңғышбаевтан 64 875 теңге, Бұлдырықовтан 86 500 теңге жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына өндірілді.
Сотталғандар айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде төлеуге міндетті. Төлемеген жағдайда айыппұлдың өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, БҚО-ның бұрынғы салық басшысы пара алғаны үшін сотталды.
Соңғы жаңалықтар