Бақыт Сәрсекбаев Геннадий Головкинге неліктен қарсы шықты

09.11.2025 11:32 Айсұлу Мұрат
Бақыт Сәрсекбаев Геннадий Головкинге неліктен қарсы шықты
0
88
видеодан кадр

Олимпиада чемпионы, Қазақстанның 22 жасқа дейінгі ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев World Boxing турнирлерінде төрешілердің әділдігіне күмән келтірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Маманның айтуынша, Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) World Boxing ұйымына өткеннен кейін де төрешілер жұмысының сапасында айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.

"Бәріміз жерінген IBA ның кінәсі не? Әділетсіз төрелік дедік. Бәріміз жапырыла көшкен World Boxing-тің артықшылығы неде? Басқаша төрелік па, төрешілерді ауыстырды ма? Жоқ. Сол жүйе, сол төрешілер. Әзірше екі ұйымның айырмашылығын көре алмай тұрмын. Жоқ, артықшылық бар, ол бірақ IBA-да. Ол жерде қомақты ақшалай жүлде, ал өмірін ауыр жарақаттармен байланысты спортқа арнаған әрбір қаракөз үшін ол кәдімгідей аргумент. World Boxing үшін бәрімізді өзіне қарататын бір ғана мүмкіндік бар – ол төрелік. Бәріміз ойбайлап, IBA-ға ренжіп жатқан жеріміз – ол "әділетсіз төрелік". Егер WB төрелікті түземесе, онда француздар айтпақшы, "бордельдегі кереуеттердің орнын ауыстырған" боламыз", – деп жазды Бақыт Сәрсекбаев Instagram парақшасында.

Ол сондай-ақ бұрынғы ашық ұпай жүйесінің артықшылықтарын атап өтті.

"Қазіргі барлық үміт Генада, ол WB басшысы болған кезде баяғы ұпай жүйесін қайтарса, нағыз әділдік орнап, бүкіл әлем боксшыларының сауабына қалары анық. Таратып айтар болсақ, бұрын өте ашық, бұрмалауға қиын ұпай жүйесі болды. Ұрдың – тиді – ұпай. Әрине, ол кезде де бұрмалаушылық болды, бірақ дәл қазіргідей, көзіңді бақырайтып қойып жеңісіңді алып қою қиындау еді. Футболдағыдай, қақпаға салдың – гол. Ал қазір ше? Азаматтық соттың төрешісінің бір құрылымы бар ғой – "на усмотрение судьи" деген . Қазіргі төрешілер де дәл солай, 9/10 беріп отыра береді. Олардан – неге анаған 9, мынаған 10 бердің? Ол не 10 рет тигізді ме десең, ол маған көбірек ұнады деп қарап отырады. Демек боксшының тағдыры тек қана төрешінің қолында", – деп жазды Сәрсекбаев.

Бақыт Сәрсекбаев өз тәжірибесінен мысал келтіріп, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы жекпе-жегін еске алды:

"Бұрынғы ұпай жүйесі өзіне сенімді, мықты боксшыға өте тиімді. Бір бас жоғары болмасаң, аяқтан шалғысы келетін төрешілер онда да болды, әрине, оған мына менің Бейжіңдегі кәріс боксшысымен айқасым дәлел. Мен тигізем, оған ұпай береді. Кәрістердің өз боксшысын алып шығуға тырысатынын түсінгесін, бапкерім Александр Ивановичтың қойған тактикасымен бір бас жоғары екенімді көрсетіп жеңіп шықтым. Бірақ қазір, фото, видео, ЖИ дамыған заманда, ұпайлық жүйеде алдау төрешілерге оңай болмас", – деп атап өтті бапкер.

Олимпиада чемпионының пікірінше, World Boxing ұйымы әділ жүйені қалпына келтірсе, бұл шешім бүкіл әлемдегі боксшылардың сенімін қайтара алады.

"WB егер біздің бәрімізді қол астына жинағысы келсе, Америка ашудың қажеті жоқ, тек сол жүйені қайта жаңғыртса, бүкіл әлем боксшылары рахметін айтады. Есте сақтайтын бір маңызды жайт – бұл Олимпиадалық бокс, кәсіпқой бокспен айырмашылығы – жер мен көктей. Кәсіпқойдағыдай ойнап-билеп, созып, шоу көрсетіп жүре алмайсың, бар-жоғы 3 раундта тек дәл тигізген соққылармен, шеберлігіңмен жұлып алып шығу керек. Екі ұйымға да бүйрегім бұрып тұрғаннан емес, тек екі алпауыт ұйым сүйкенсе, ортасында боксшылар жазым болмасын дегім келеді. Өз төрешілеріміздің біліктілігін көтеріп, әлемдік аренадағы авторитетін көтеруіміз керек. Шахмұрат Мүтәліп мырзаның айтуы бойынша біздің өзімізде 3 жұлдызды 50 шақты төреші бар екен. Бірақ Ливерпульда, Әлем кубогында т. б. айтулы турнирларға бірде-біреуін жақындатпады. Неге? Соншалықты абыройымыз жоқ па, әлде төрешілеріміздің кәсіби біліктілігіне сенім жоқ па?" – деп түйіндеді Бақыт Сәрсекбаев.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий