Бәрі бар әйелге еркек не үшін керек? Психологтың жауабы

07.12.2025 17:03 Арман Ермеков
Бәрі бар әйелге еркек не үшін керек? Психологтың жауабы
0
580
Иллюстрация ЖИ

Бұрынғы заманда әйел адамға еркек тіршілік ету үшін ауадай қажет еді. Ал қазір ше? Пәтері, көлігі, мансабы бар, өз аяғына нық тұрған нәзік жандыларға ер азаматтың қажеті қанша? Белгілі психолог Михаил Лабковский бұл сұраққа бір ауыз сөзбен жауап берді.

Бір кездері әйел үшін тұрмысқа шығу өмірлік қажеттілік еді. Бұл жерде махаббаттан бұрын, күн көру мәселесі бірінші орында тұратын. Күйеуі табыс тауып, әйелі ошақ қасынан шықпайтын заманда неке «мәжбүрлі одаққа» ұқсайтын. Тіпті үлкендер жағы қыз балаға «аштан өлмес үшін теңіңді тап» деп ақыл айтатын. Қоғамда күйеусіз әйелді жартыкеш санап, оның тағдырына аяушылықпен қарайтындар да аз болмаған.

Алайда бүгінгі қоғамның келбеті өзгерді. Қазіргі нәзік жандылар халықаралық компанияларды басқарып, бизнесін дөңгелетіп, қалаған жеріне саяхаттай алады. Тіпті ауыр техниканы тізгіндеп, ғарыш саласында да еңбек етіп жүргендер жетерлік. Өзін-өзі қамтамасыз еткен, табысты әрі бақытты әйелге ер адамның қажеті қанша?

Психолог Михаил Лабковскийдің айтуынша, жауап қарапайым.

«Маған "өзі табысты, өзі пысық, қаржылай тәуелсіз әйелге күйеу не үшін керек?" деген сұрақты жиі қояды. Жауабым біреу-ақ: Қуаныш үшін. Отбасында екі адам бір-біріне тек қуаныш сыйлауы тиіс», – дейді маман.

Бұл сөздер қазіргі қарым-қатынастың негізгі мәнін ашады. Адамдар енді қорқыныш немесе мұқтаждықтан емес, бірге болу қызықтырақ әрі жайлы болғандықтан қосылуы керек. Лабковскийдің пікірінше, серігің жаныңа жылу сыйлап, онымен бөлісетін әңгімең таусылмаса, нағыз бақыт – осы. Бұл қағида ерлерге де қатысты. Қазіргі заманда ер азамат та өз жейдесін өзі үтіктеп, тамағын пісіріп, бала күтуден арланбайды.

Көп жағдайда қарым-қатынас өзара міндеттер мен қызмет алмасуға айналып кетеді. Бірі ақша тапса, екіншісі үй жинауға міндетті деген түсінік қуанышты жояды. Осы орайда психолог мынадай бір оқиғаны мысалға келтіреді:

«Бірде дәмханада қырықтар шамасындағы келіншек былай деді: "Шаршадым. Біреуге қарыздар болғым келмейді. Бұрын үй шаруасының бәрін тындырсам да, жақпайтынмын. Енді маған ешкімге ештеңе дәлелдемейтін, жай ғана өзімді жайлы сезінетін қарым-қатынас керек"».

Бұл – ересек адамның саналы таңдауы. Оған қамқорлық немесе шексіз махаббаттан бұрын, тыныштық пен түсіністік қажет. Психологтардың пайымдауынша, серігіңізден «не аламын?» деп емес, «оның жанында қаншалықты бақыттымын?» деп сұраған дұрыс.

Кейбір қыз-келіншектер жылдар бойы қиялындағы мінсіз ханзаданы күтеді. Бай, жомарт, түсінігі мол адамды аңсайды. Ал шынайы өмірде кездескен адам мүлде басқаша болып шығуы мүмкін. Нәтижесінде, оны өзгертуге тырысып, арада түсініспеушілік туындайды.

Жазушы Антуан де Сент-Экзюпери айтқандай: «Махаббат деген бір-біріне қарап отыру емес, екеуінің бір бағытқа қарауы».

Бүгінде әйелдің жеке пәтері, көлігі немесе табысты бизнесі болуы ешкімді таңғалдырмайды. Сондықтан ер азаматпен бірге болу – мұқтаждық емес, таңдау. Егер жанындағы серігі оның жетістігін күндемей, керісінше қолдау білдірсе, бұл нағыз үйлесімді жұптың белгісі.

Михаил Лабковский сөзін былай деп түйіндейді: «Егер адам серігінен бақытты емес, белгілі бір функцияларды орындайтын құралды көрсе, бұл қарым-қатынастың біткені».

Отбасы – сауда орталығы емес. Бұл кешкісін бірге шәй ішіп, әзілдесіп, жаңбыр астында серуендеу үшін құрылған одақ. Егер осы қарапайым қуаныштар болмаса, міндетке толы жұптық өмірден гөрі, жалғыз жүріп бақытты болған артық.

Дереккөз: Тек өмір мен білім туралы

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий