Бәрі ұрлайды! Еркебұлан Тoқтар жемқорлық туралы айтудан бас тартты

Бәрі ұрлайды! Еркебұлан Тoқтар жемқорлық туралы айтудан бас тартты
05.10.2025 13:17
0
221
Фото: Бейнеден кадр

Актер Еркебұлан Тoқтар сыбайлас жемқорлық туралы айтудан бас тартты, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтар «Zamandas» подкастында қоғамдық мәселелерді көтеруге қатысты өз ұстанымын білдірді. Жүргізушілер оған танымалдылығын пайдаланып, елдегі өзекті жайттар туралы айтуға кеңес берді.

Сұхбат барысында жүргізушілер Еркебұлан Тоқтарға жазылушыларының саны көп екенін, сол себепті шешім қабылдайтын лауазымды тұлғалармен кездесу мүмкіндігі туатынын айтты. Олар мұндай кездесулерде елде не болып жатқанынан хабардар болу маңызды екенін жеткізді. Ержан Алдабергенов: «Ертең бір жоғары лауазымды тұлға келіп, «Еркебұлан, не істеу керек, сіздің ойыңызша не дұрыс?» деп сұраса, не айтасыз?» деген сұрақ қойды. Жүргізуші бұған мысал ретінде белсенді Санжар Боқаевтың Алматыдағы гранит тақталардың түнде ұрланғаны туралы әшкерелеген оқиғасын айтуға болатынын ұсынды. Бұл тақталар кейіннен құлпытас жасайтын цехтан табылған. Жұмыстың күндіз емес, түнде жасалуының себебін ол ұрлықпен байланыстырды.

Бұған жауап ретінде Еркебұлан Тоқтар:

«Халықтың жартысы, шамамен 25-30%-ы мемлекеттік қызметкер, дұрыс па? Демек, бәрі ұрлайды деген сөз. Ал сіздер тек солар ұрлайды дейсіздер. Олар біздің арамызда ғой», – деді Еркебұлан Тоқтар.

Ержан Алдабергенов Алматыда жыл сайын жиектастардың ауыстырылуы ақша ұрлаудың бір схемасы екенін және бұл туралы Еркебұланның айтқаны дұрыс болар еді деген пікірін жеткізді.

Алайда, Еркебұлан Тоқтар өзінің жаңалықтар порталы емес екенін және тек өзін, өз жаңалықтарын жариялайтынын мәлімдеді.

«Мен бұл ақпаратты сенен естідім. Бірақ соңына дейін білмеймін. Мен сенен «олар оны қайда апарды?» деп сұраймын, сен білмейсің. Не үшін сатты? Сатты ма, сатпады ма, оны да білмейсің. Мен сенен естіген ақпаратты 1 миллион 200 мың адамға қалай айтамын? Бұл үлкен жауапкершілік. Бір жерде қателессем, дұрыс айтпасам, менің сторисімді тұрақты 400 мың адам көреді. 400 мың адамға жалған ақпарат таратамын. Мен ондай жауапкершілікті алғым келмейді. Егер бір нәрсені өз көзіммен көрсем, әңгіме жоқ, айтып беремін», – деді актер.

Әңгіме барысында Ержан Алдабергенов қала орталығында үстіне ағаш құлап, артында баласы мен күйеуі қалған әйелдің қазасы туралы да айтып өтті.

Еркебұлан Тоқтар бұған: «Біздің өміріміз онсыз да жақсы емес. Мен өз теледидарымнан «оны өлтіріп кетті» деп айқайлағым келмейді. Ақша жинау... баланың жылап жатқанын көру маған ауыр тиеді, иә, мен ақша аударамын, бірақ оны жарияламаймын. Адамдардың өмірі онсыз да қиын, көңіл-күйін одан сайын түсіріп қайтемін? Менің бағытым басқа, мотивация беру, алға ұмтылу, жаттығу. Ал мұнда жаттығып, дамып жатсаң, бір жақта адам өлтіріп жатады. Мұны не үшін айтуым керек?», – деп жауап берді.

Жүргізушінің «Адамның өлімі зая кетпес үшін, кінәлілер жазасын алуы үшін айту керек шығар» деген сөзіне Еркебұлан бұл іспен айналысатын арнайы органдар бар екенін айтты.

«Мен біреуді соттайтын құқығым жоқ, соттамаймын да. Оны басқалар, судья соттайды, полиция ұстайды. Бұл менің жұмысым емес. Біреудің жұмысымен айналысқым келмейді», – деді актер Еркебұлан Тоқтар. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий