Алматыда алып тау шаңғысы курорты салынып жатыр: Almaty SuperSki қашан ашылады?
Алматыда Almaty SuperSki тау шаңғысы курортының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір аспалы жолдардың іргетасын қалау жұмыстары басталып, қажетті жабдықтарды дайындау қолға алынған. Жаңа туристік кешенді 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясы директорлар кеңесінің отырысында мәлімдеді. Жиында ірі туристік жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, құрылыс алаңындағы жұмыстар белсенді кезеңге өткен. Құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
11 аспалы жол салынады
Қазіргі уақытта француздың POMA компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталған. Сонымен қатар курорттың техникалық талаптарына сай арнайы жабдықтар әзірленіп жатыр.
Жобаға қазақстандық кәсіпорындар да тартылмақ. Атап айтқанда, POMA компаниясы жергілікті өндірушілерге бағалау жүргізіп, оның нәтижесінде аспалы жолдардың кейбір құрылымдық бөлшектерін өндіретін қазақстандық кәсіпорынды таңдаған.
Отандық компания еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өнім шығаруы тиіс. Бұл бастама Қазақстанда жаңа технологияларды игеруге және өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Almaty SuperSki жобасы аясында 11 аспалы жол салу көзделген.
Курорттың сәулетін шетелдік компаниялар әзірлейді
Жобаның архитектуралық тұжырымдамасын Foster+Partners бюросы әзірлеген. Ал оның жекелеген нысандарын жобалау мен салуға халықаралық тәжірибесі бар компаниялар тартылған.
Мәселен, Швейцарияның Blumer-Lehmann компаниясы курорттың негізгі және жоғарғы стансалары ғимараттарының ағаш тірек конструкцияларын жобалау, дайындау, жеткізу және монтаждау жұмыстарын техникалық сүйемелдеумен айналысады.
Ал Данияның Bjarke Ingels Group компаниясы 24 халықаралық үміткердің арасынан іріктеліп, таудағы ауыл тұжырымдамасын әзірлеуге жауапты болған.
Бұл жобада канадалық Ecosign компаниясының тәжірибесі де пайдаланылмақ. Компания тау шаңғысы курорттарын жобалау саласында маманданған. Оның портфолиосында 46 елде жүзеге асырылған 1000-нан астам жоба бар. Мамандар туристік инфрақұрылымды тау шаңғысы кешендерімен үйлестіріп, келушілерге шаңғымен тікелей трассаға шығуға және кері оралуға мүмкіндік беретін ski-in/ski-out жүйесін енгізу тәжірибесіне ие.
Сонымен қатар Bjarke Ingels Group британдық сәулетшілер компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Олардың бұған дейінгі жобалары қатарында Финляндиядағы курорттық ауыл, Швейцария тауларындағы кешен және Даниядағы төбесінде шаңғы трассасы орналасқан ғимарат бар.
Курорт 2028 жылдың соңында ашылуы мүмкін
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов Almaty SuperSki жобасы халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастама еліміздегі туризм саласының дамуына тың серпін береді.
Премьер-министр құрылыс қарқынын жеделдетіп, тау шаңғысы курортын 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Директорлар кеңесінің келесі отырысы екі аптадан кейін өтеді. Онда жауапты тұлғалар курорт құрылысының барысы туралы есеп береді.
Соңғы жаңалықтар