Атырау полициясының бұрынғы бастығының ісі сотқа өтті: экс-полицейді не үшін соттамақ?

Атырау полициясының бұрынғы бастығының ісі сотқа өтті: экс-полицейді не үшін соттамақ?
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы, Маңғыстау облысы полиция бастығының экс-орынбасары Бақтыбек Исаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Lada.kz редакцияның ресми сауалына берілген жауапта айтылған.

Атырау облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Бақтыбек Исаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарының сотқа жіберілгенін растады. 

Ведомствоның нақтылауынша, тергеу амалдарын өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі жүргізген. Алайда полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуді шектейтін Қылмыстық-процестік кодексnің 201-бабы 1-бөлігіне сілтеме жасай отырып, қылмыстық істің мән-жайын ашудан бас тартты.

Бұған дейін редакция Маңғыстау облысының полиция департаменті мен прокуратурасына ресми сауал жолдаған болатын. Аталған ведомстволар өздерінде Исаевқа қатысты қылмыстық іс тіркелмегенін хабарлаған. Осыдан кейін сауал Атырау облысының полиция департаментіне жіберіліп, материалдардың сотқа өткені расталды.

Маңғыстаудан Атырау қаласы полициясының басшылығына дейін

Бақтыбек Исаев Атырау қаласында дүниеге келген. Орталық Азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Құқық қорғау органдарындағы қызметін 2003 жылы бастап, жол полициясы, криминалдық полиция және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінде еңбек етті.

Әр жылдары Атырау облысы полиция департаментінде басшылық лауазымдарды атқарды. 2022 жылы Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын басқарып, кейін өңірлік департамент бастығының орынбасары болды. Бұл қызметті 2022-2024 жылдар аралығында атқарды.

2024 жылдың мамырында Исаев Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы болып тағайындалып, қалалық бөлімшеге 2026 жылдың сәуіріне дейін жетекшілік етті.

2026 жылдың сәуір айының ортасында Ішкі істер министрлігі Атырау облысы полиция басшыларына қатысты қызметтік тексеріс нәтижелерін жариялаған еді. Ведомство мәліметінше, қалалық полиция басқармасы бастығының тарапынан құқыққа қайшы әрекеттер анықталған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, Исаевтың өзі теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейінірек оның қамауға алынғаны хабарланды.

Бұрынғы полиция басшысының нақты қандай әрекеттері тергеуге негіз болғаны және не үшін күдікке ілінгені ресми түрде жарияланған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу