Баспанасы жоқ қазақстандықтар қандай мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады?

Баспанасы жоқ қазақстандықтар қандай мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады?
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Жеке пәтері жоқ Қазақстан азаматтары мемлекет тарапынан ұсынылатын бірнеше баспана бағдарламасына үміткер бола алады. Әлеуметтік мәртебесіне, табыс деңгейі мен жинағына қарай азаматтар жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға, әкімдіктен арзан баспана алуға немесе жеңілдетілген несие рәсімдеуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ «Отбасы банк» салымшыларына арналған арнайы жобалар да жұмыс істейді, деп хабарлайды Politico.kz qaz365.kz сайтына сілтеп.

Ең алдымен не істеу керек: тұрғын үй кезегіне тұру

Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігіне қатысу үшін баспанаға мұқтаж азамат ретінде кезекке тіркелу қажет. Кезекке соңғы бес жыл ішінде өз атында жылжымайтын мүлкі болмаған кәмелетке толған Қазақстан азаматтары мен елге тұрақты тұруға көшіп келген қандастар тұра алады.

Алайда кезекке тіркелу пәтер немесе несие бірден беріледі дегенді білдірмейді. Әр бағдарламаның өз талаптары бар: онда отбасы құрамы, әлеуметтік санат, табыс көлемі мен депозиттегі жинақ ескеріледі.

Жалдамалы пәтер ақысын төлеуге мүмкіндік болмаса

Мемлекеттік қолдаудың бір түрі — жалға алынған баспананың ақысын субсидиялау. Бұл жағдайда мемлекет пәтер жалдау құнының 50 пайызына дейінгі бөлігін өзі өтейді, ал қалған жартысын жалға алушы төлейді. Мысалы, пәтердің ай сайынғы жалдау ақысы 150 мың теңге болса, оның 75 мың теңгесін мемлекет үй иесіне аударады.

Бұл көмекті тек төрт санатқа жататын азаматтар ғана пайдалана алады:

  •  көпбалалы отбасылар;
  •  жетім балалар;
  •  I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  •  мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Сонымен қатар табысқа қатысты шектеу бар: соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2026 жылы — 50 851 теңге) аспауы тиіс. Субсидия алушылар лайықты пәтерді өздері тауып, үй иесімен жалдау шартын жасасады.

Әкімдіктен арзан жалдамалы пәтер алу жолы

Тағы бір мүмкіндік — жергілікті атқарушы органдар беретін коммуналдық жалдамалы тұрғын үй. Мұндай пәтерлердің жалдау ақысы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен: орташа есеппен айына 15–20 мың теңге шамасында (коммуналдық қызметтер бөлек төленеді).

Пәтерлерді бөлу кезінде кезекке тұрған уақыты, әлеуметтік санаты, отбасы құрамы және соңғы алты айдағы табысы тексеріледі. Отбасының орташа айлық табысы мына межеден аспауы қажет:

  •  жалғызбасты азамат үшін — 5,5 күнкөріс деңгейі (279 мың теңге);
  •  екі адамнан тұратын отбасы үшін — 3,5 күнкөріс деңгейі (178 мың теңге);
  •  үш және одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін — 2 күнкөріс деңгейі (101,7 мың теңге).

Тұрғын үйді бөлу барысында арнайы квоталар қарастырылған: 20 пайызы — жетім балаларға, 50 пайызы — ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға, өзге елдер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, мүгедектігі бар жандарға, көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған отбасыларға, сондай-ақ жесір қалған азаматтарға беріледі. Қалған 30 пайызы жалпы тізімдегі өзге кезекте тұрғандарға тиесілі. Мұндай баспана кейіннен сатып алу құқығымен жалға беріледі.

2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен несие беру бағдарламалары бар.

2 пайыздық ипотека баспана алуға бірінші кезекте құқығы бар әлеуметтік осал топтарға (ҰОС және өзге елдердегі соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеушілер, жесірлер) арналған. Мұнда отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 5 күнкөріс деңгейінен (254 550 теңге) аспауы керек. Сондай-ақ «Отбасы банкте» депозит және баспана құнының кемінде 10 пайызы көлемінде алғашқы жарна болуы шарт.

5 пайыздық ипотека жалпы кезекте тұрған азаматтарға қолжетімді. Бұл бағытта әлеуметтік мәртебе мен табыс деңгейіне шектеу қойылмайды. Қатысу үшін «Отбасы банктен» шот ашып, үй бағасының 10 пайызын жинау жеткілікті.

«Отбасы банк» салымшыларына арналған «Наурыз» бағдарламасы

Егер банкте жинағыңыз болса, «Наурыз» бағдарламасына қатысуға болады. Оның басты ерекшелігі — баспана кезегінде тұрмаған салымшылар да бақ сынай алады. Несие мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7%, ал қалған қатысушылар үшін 9% болып бекітілген.

Бағдарлама шарттары:

  •  «Отбасы банктегі» депозитте кемінде 2 миллион теңге жинақ болуы тиіс;
  •  алғашқы жарна — жөндеуден өткен пәтерлер үшін 10%-дан, ал әрлеусіз (черновой) баспана үшін 20%-дан басталады;
  •  несиенің ең жоғары сомасы — Астана мен Алматы қалаларында 36 млн теңгеге дейін, өзге өңірлерде 30 млн теңгеге дейін.

Үміткерлер балдық жүйе арқылы іріктеледі: онда жинақ көлемі, отбасы мен бала саны, жасы және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі. 35 жасқа дейінгі жастарға қосымша басымдық беріледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу