ҚазҰУ студенттің суицид әрекеті туралы хабарға жауап берді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) студент қыздың суицид жасауға әрекеттенгені туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде 19 қарашада ҚазҰУ студентінің өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат тараған болатын. Алматы полициясы осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған еді.
Осыған қатысты оқу орны түсініктеме берді.
«Студент жедел жәрдемді өзі шақырған. Медициналық құпия мен заң талаптарына байланысты аурухана тарапынан бізге науқастың жағдайы туралы толық мәлімет берілген жоқ. Біз студенттің ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазір білім алушының жағдайы бірқалыпты.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр», – деп хабарлады ҚазҰУ.
Еске салайық, бұған дейін ҚазҰУ-да 10 күн ішінде екі бірінші курс студенті қайтыс болған. 6 қарашада студент қыздың, ал 16 қарашада бірінші курста оқитын жігіттің қазасы белгілі болды.
Екінші студенттің өлімінен кейін университет басшылығы проректор, декан және жатақхана қызметкерлерінің жұмыстан босатылғанын хабарлады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі де ҚазҰУ-ға арнайы мониторинг тобын жіберіп, кешенді тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар