"Басқа тұлға анықталған жоқ": Атыраудағы іске қатысты тың дерек шықты
Атырау облысында бірнеше адамның өліміне байланысты қозғалған резонансты іс бойынша жаңа мәліметтер жария болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Атырау облыстық прокуратурасы қылмыстық іс аясында жүргізілген тергеу мен сараптамаларға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта негізгі күдікті ретінде тек Сұлтан Сәрсемәлиев танылып отыр. Тергеу барысында қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа тұлғалар анықталмаған.
Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс уақытша тоқтатылған. Прокуратура мәліметінше, қылмысты жасыру фактісі бойынша материалдар бөлек өндіріске шығарылып, қазір жеке іс ретінде тергеліп жатыр.
Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы әлі дайын болмағандықтан, оған байланысты нақты құқықтық баға кейінірек берілмек.
Прокуратура өкілдері Сәрсемәлиев қолданды делінген қылмыс құралы да нақты анықталмағанын мәлімдеді. Тергеу барысында пышақ тәркіленгенімен, оның дәл осы қылмыста пайдаланылғаны әзірге ресми түрде дәлелденбеген.
«Қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдемелер бар. Олардың барлығына сот барысында құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады прокуратура.
Соңғы жаңалықтар