Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы мен орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат тарады

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы мен орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат тарады
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы, авиация генерал-майоры Тимур Еспағанбетов пен оның орынбасары, авиация полковнигі Расул Исахожаев ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz hronika.kz-ға сілтеме жасап.

Hronika.kz таратқан деректерге сүйенсек, Тимур Еспағанбетов айтарлықтай көлемде пара алды деген күдікке ілінген. Қазіргі таңда ол Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігіне («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Ал оның орынбасары Расул Исахожаевқа елеулі мөлшерде пара берді деген айып тағылуда. Оған қатысты іс Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі («Айтарлықтай мөлшерде пара беру») бойынша қозғалған.

Бастапқы мәліметтерге қарағанда, лауазымды әскери тұлғаларға қатысты қылмыстық іс жеке компания өкілдерімен болған заңсыз қаржылық келісімдерге (пара алу және беру фактілеріне) байланысты ашылған. Тергеу жұмыстарын Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қолға алды.

Тергеу құпиялығына байланысты істің қалған егжей-тегжейі әзірге құпия сақталып отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу