ҚАЖК «Еңбек» кәсіпорны басшысының ұсталғанын жоққа шығарды
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ІІМ-ге қарасты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ермек Шұрмановтың ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Politico.kz NUR.KZ басылымына сілтемемен.
Комитеттің мәліметінше, ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі бірлесіп жедел іс-шаралар жүргізген. Соның нәтижесінде «Еңбек» кәсіпорнының тамақтандыруға жауапты бөлімшесіндегі менеджерлердің бірінің заңсыз әрекеттері анықталған.
«Әңгіме кәсіпорын басшылығы туралы емес, оның құрылымдық бөлімшелерінің біріндегі қызметкер жөнінде болып отыр. «Еңбек» РМК бас директорының ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп мәлімдеді комитет.
Ведомство бұқаралық ақпарат құралдарын жұртшылықты жаңылыстырмауға, әсіресе оқиғаға қатысы жоқ адамдардың суреттерін жарияламауға шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ермек Шұрманов пен кәсіпорынның тамақтандыру басқармасының басшысы Фуркат Худайбергеновтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Осы ақпаратқа байланысты Politico.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдаған болатын. ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтерді жарияламады.
Соңғы жаңалықтар