Аян Дүйсековтің өліміне қатысты қылмыстық іс жабылды

Аян Дүйсековтің өліміне қатысты қылмыстық іс жабылды
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Ақмола облысының полициясы Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің өліміне қатысты қылмыстық істі тоқтатты, деп хабарлайды Politico.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 13 қыркүйекте Аян Дүйсековтің өзіне қол жұмсау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Тергеу барысында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті материалдар жиналды. Тергеу нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», – деп хабарлады полиция.

Еске салайық, Аян Дүйсеков биыл қыркүйекте қызметтік пәтерінде өлі табылған еді. Ол қайтыс болар алдында әйеліне хабарлама жазып, кешірім сұраған және бәрінен шаршағанын айтқан.

Марқұмның жақындары бастапқыда оған жұмыс орнында қысым көрсетілгенін мәлімдеген. Алайда Ақмола облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Сол кезде полиция Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған болатын.

Аян Дүйсековтің артында жары, 1,5 жастағы қызы мен 3 жастағы ұлы қалды.

Бұдан бөлек, қазан айының соңында Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкері өлі табылған еді. Полиция бұл оқиғаға байланысты да Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу