Садыр Жапаров сайлау алдында ұлтаралық арандатушылық болуы мүмкін екенін ескертті

Садыр Жапаров сайлау алдында ұлтаралық арандатушылық болуы мүмкін екенін ескертті
Фото: "Ынтымак Ордо" telegram-арнасы

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында ұлтаралық қақтығыс тудыруға бағытталған әрекеттер жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір саяси күштер алдағы президент сайлауын болдырмау үшін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды талқылап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

12 қарашада халыққа жасаған үндеуінде мемлекет басшысы ұлтаралық араздықты қоздыру жоспарлары туралы ақпарат алғанын жеткізді. Бұл мақсатта жалған қауесеттер мен азаматтардың ұлттық намысына тиетін арандатушылық мәлімдемелер пайдаланылуы мүмкін:

«Әзірге олар бұл туралы тек сөз қылып жүр. Алайда бұл арандатушылық ниеттердің іс жүзіне асу қаупі бар», — деп ескертті президент.

Садыр Жапаров 1990 және 2010 жылдары Қырғызстанның оңтүстігінде орын алып, бейбіт тұрғындардың қазасына әкелген қайғылы оқиғаларды еске салды. Ол екі ұлт өкілдерін арандатуға ермеуге, ал аға буынды жастарға мұндай қақтығыстардың салдарын түсіндіруге шақырды.

Сонымен қатар президент елдегі тұрақтылықты бұзу әрекеттерін «Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан» теміржол құрылысымен байланыстырды. Оның пікірінше, кейбір саясаткерлер осы көлік жобасының аяқталмауына мүдделі. Билік жаппай қақтығыстардың алдын алуға жеткілікті күшке ие екенін атап өткен Жапаров азаматтарды күдікті әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырып, араздық қоздырғандар қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Айта кетейік, Қырғызстанда кезекті президент сайлауы 2027 жылдың 27 қаңтарына белгіленген. Қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаров екінші мерзімге үміткер ретінде Орталық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну туралы өтініш беріп қойған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу