Басы тесіліп, миы зақымдалған: Қарағанды облысында басына кірпіш құлаған бүлдіршін комада жатыр

15.04.2026 11:02 Арман Ермеков
Басы тесіліп, миы зақымдалған: Қарағанды облысында басына кірпіш құлаған бүлдіршін комада жатыр
391
Фото: Бейнеден алынған скрин

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында мәдениет үйінің қабырғасынан үлкен плитка құлап, 2 жарым жастағы бала ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Politico.kz порталы AstanaTV телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға Ботақара кентінде болған. Баланың анасы Сабина Қауапова ғимарат ішіне жұмысқа орналасу үшін құжат тапсыруға кіріп кеткенде, сыртта әкесімен күтіп тұрған Әмірдің басына 5 метр биіктіктен екі плитка сынығы құлаған.

«Біз бұған қатысы бар барлық кінәлілерді табуды талап етеміз. Бұл жұмысты кім қабылдап алды, кім жасады? Бұл плиталарда бірде бір шеге, цемент, не желім болмады. Барлық ғимаратты тексеру қажет. Бұл бұрыш сапасыз болса, демек барлық қасбет солай жасалды деген сөз. Оның үстіне бұған дейін де ғимараттың қабырғасынан плиткалар бөлініп түскен, оны байқаған адамдар бірнеше рет шағымданыпты. Сол кезде неге ол жөнделмеді?», – деді Сабина Қауапова.

Бас сүйегі сынып, көп қан жоғалтқан бүлдіршін қазір аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жасанды комада жатыр. Аурухана басшысы Қуандық Мұстафин балаға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.

«Штаттан тыс нейрохирург, реаниматологтан кеңес алдық. Санавиация бригадасы нейрохирург және реаниматолог келіп кетті. Біздің дәрігерлермен бірлесіп ота жасалды. Жағдайы тұрақты ауыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Тұрақты консилиумдар өткізіп,  жағдайын бақылап отырмыз», – деді ол.

Мәдениет үйі 1970 жылдары салынған. Алайда ғимарат қасбеті 2022 жылы жаңартылыпты. Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қали қабырғадағы ақау былтыр байқалғанын айтады.

«2024 жылы осы көріп тұрған бұрыш негізі бір ақау табылып бірақ соны мердігер келіп жасап береміз, келеміз деп құрғақ уәдемен айтты. Бірақ кейін ол компания айтқанымыздай банкрот жабылып қалды. «АзияНұр- 2030» иесі Нұржан мырза. Содан кейін өзіміздің күшімізбен әрекетпен бұны тексердік, адам өміріне бір қауіп төндіріетіндей жағдай болмағандықтан бұны арнайы бір мамандарға істету үшін күттік», – деді ол.

Анасы кінәлілерді қатаң жазалануын талап етеді. Айтуынша, ғимараттың сыртқы қаптамасындағы плиткалардағы ақауға талай рет шағым түскеніне қарамастан ол бірнеше жылдан бері жөнделмей тұрған. Салдарынан ұлы хал үстінде жатыр, дәрігерлер баланың өмірі үшін күресуде.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кінәлілер 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе 40 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Сондай-ақ лауазымды тұлғалар белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айырылуы ықтимал.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий