Батыс Қазақстанда әкім қызметтік көлікті мас күйде жүргізген
Әдеп жөніндегі кеңес Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік істі қарады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мой Город» басылымының жазуынша, ол жұмыс уақытында қызметтік автокөлікті алкогольдік мас күйде тізгіндеп, полиция назарына ілінген.
«17 маусым күні Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс болды. Полиция қызметкерлері оны жұмыс уақытында қызметтік көлікті мас күйде тізгіндеген кезде тоқтатқан», – делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Қайыровтың айтуынша, бұл оқиға 12 наурызда болған. Әкім өзі басшылық ететін Чапаев ауылдық округінде оны тоқтатқаннан кейін оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
«Біз сот шешімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Бұл жағдай жөнінде әкімшілік құқық бұзушылықтар дерекқорынан білдік. Бірінші сатыдағы сот оның пайдасына шешім шығарып, ақтау үкімін қабылдаған болатын. Алайда апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшін жойды», – деді Қайыров.
Істі қарау нәтижесінде әдеп жөніндегі кеңес Биболат Зинуллинді атқарып отырған қызметінен босатуды ұсынды. Белгілі болғандай, құқық бұзушылық жасалған кезде оған қатысты «атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Әдеп жөніндегі кеңес оның қатысуымен тағы бір тәртіптік істі қараған болатын. Сол кезде оған құрылысы аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударуға жол берді деген айып тағылған еді.
Соңғы жаңалықтар