Бектенов үкіметінің батыл шешімдері өз жемісін бере бастады

22.08.2026 13:49 Әсел МҰРАТ
Бектенов үкіметінің батыл шешімдері өз жемісін бере бастады
63
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Қазақстан үкіметінің батыл шешімдері өз жемісін бере бастады. Ел экономикасына деген сенім соңғы он жылдағы ең жоғары шегіне жетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің мәлім етуінше, Standard and Poor's Global Ratings халықаралық агенттігі 2016 жылдан бері алғаш рет Қазақстанға «Тұрақты» болжамымен «BBB» деңгейіндегі егеменді несиелік рейтингін берді. Бұл Еуразия кеңістігі мен ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Біздің ел Үндістан мен Индонезия деңгейіне жақындап, Мажарстан, Румыния және Сербия мемлекеттерін басып озды.

Бұл қазіргі үкімет тарихында халықаралық рейтингтің екінші рет көтерілуі. Бұған дейін Moody's агенттігі 2024 жылы Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейіне дейін көтеріп, 2025 жылы осы позицияны растаған болатын.

Саясаттанушының сөзіне қарағанда, мұндай өсім бірнеше факторға байланысты. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов басқаратын министрлер кабинеті салық реформасы, шығындарды қысқарту және өңдеуші салаларды дамыту сияқты күрделі шешімдерді қабылдады. Халықаралық сарапшылар үкіметтің қаржылық тәртібін оң бағалап отыр. Ел басшылығы шығындарды оңтайландырып, Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуде.

Сонымен қатар үкімет нақты жобаларға қаржы құюға дайын шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс істеп жатыр. Олардың пікірі де рейтингтің өсуіне ықпал еткен болуы мүмкін. Сарапшылар Қазақстанның қаржы ағындарын бақылауға алып, капиталдың негізсіз сыртқа шығуына тосқауыл қойғанын атап өтті.

Халықаралық позиция да маңызды рөл атқарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық прагматизмі геосаяси тәуекелдерді азайта отырып, барлық серіктестермен тиімді ынтымақтастық орнатуға бағытталған. Жаңа рейтингтер басқа агенттіктердің тұрақты бағалауымен қосылып, Қазақстанға халықаралық нарықтағы құбылмалылықпен оңай күресуге мүмкіндік береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий