Бектеновтің экономикалық саясаты нені өзгертті?
Отандық тауар өндірушілерді қолдау Премьер-министр Олжас Бектенов басқаратын Үкіметтің экономикалық саясатындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Сарапшылар бұл бағытты Премьердің экономикалық саясаттағы өзіндік «қолтаңбасы» деп бағалайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Povestka telegram арнасының жазуынша, 2024 жылы ақпаннан бері өткен Үкімет отырыстарында отандық өндірушілерді қолдау мәселесі 30-дан астам рет көтерілген. Осы кезеңде бизнеске берілетін қолдау шаралары да едәуір күшейді. Атап айтқанда, жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекеттік сатып алулар, өнеркәсіптік кооперация және ірі компанияларды отандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыру бағыттарына басымдық берілді.
Қазақстандық өнімді сатып алу көлемі өсті
«Самұрық-Қазына» қорының дерегінше, өткен жылы отандық тауар өндірушілерден сатып алынған өнім көлемі бір жыл ішінде екі есеге өсіп, 2,2 трлн теңгеге жуықтады.
2024 жылы қор тобына кіретін компаниялар қазақстандық өндірушілермен 11,1 мыңнан астам келісімшарт жасасқан. Ал 2025 жылы келісімшарттардың жалпы сомасы екі есеге жуық өсіп, 2,17 трлн теңгеге жеткен.
Жалпы 2 283 отандық тауар өндірушімен 8,9 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында 3,8 мыңнан астам келісімшартқа қол қойылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 46%-ға жоғары.
Осы саладағы маңызды жаңалықтардың бірі – өндірушілерді цифрлық форматта жүйелеуге мүмкіндік беретін «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» ақпараттық жүйесінің іске қосылуы.
«Мемлекет ең ірі тапсырыс беруші болуы керек»
Саяси сарапшы, Қазақстан және Орталық Азия бойынша экономист, QospanovPolitics Telegram-арнасының авторы Расул Қоспановтың айтуынша, мемлекеттік инвестициялардың рөлі бүгінде инфрақұрылымдық жобалармен ғана шектелмейді.
Оның пікірінше, Үкіметтің қазіргі саясаты біртіндеп бірыңғай өнеркәсіптік саясатқа ұласып келеді.
«Бектеновтің тұсында бизнесті қолдаудың жекелеген құралдары біртіндеп бірыңғай өнеркәсіптік саясатқа бірігіп жатыр. Оның негізгі қағидаты – мемлекет тек реттеуші емес, отандық өндірушілердің ең ірі тапсырыс берушісі болуы керек. Қазақстан бүгінде «ақылды протекционизм» жолына түсіп келеді. Отандық өнімді сатып алу көлемі артып, өндірісті жергіліктендіру күшейіп жатыр. Ал отандық тауарлар өнімінің тізілімі өзін өндіруші ретінде көрсететін жалған кәсіпорындарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл халықаралық индустрияландыру тәжірибесіне сәйкес келеді», – дейді сарапшы.
Бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай жүйесі қалыптасып келеді
Қазір қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігін пайдалана алады. Олардың қатарында «Бәйтерек» холдингінің, Қазақстанның Даму банкінің, Qazaqstan Investment Corporation, Экспорттық-кредиттік агенттіктің және басқа да институттардың қаржылық құралдары бар.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жүйенің ерекшелігі – мемлекеттік қолдаудың жекелеген кәсіпкерлер тобына ғана бағытталмауы. Қаржыландыру, инвестиция және өнімді өткізу нарықтары отандық өндірісті дамытуға бағытталған біртұтас тетік ретінде қарастырыла бастаған.
Кәсіпкерлер де соңғы жылдары қолдау алу шарттарының біршама әділ болғанын атап өтеді.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі, кәсіпкер Ефим Третьяктың айтуынша, бұрын мемлекеттік қолдауда ірі кәсіпорындарға басымдық беріліп, шағын өндірушілердің мүмкіндігі шектеулі болған.
«Бұрын негізгі назар ірі өнеркәсіпке аударылды. Ал шағын өндірушілер үшін жағдай әлдеқайда күрделі болды. «СТ-KZ» сертификаты бар кез келген бизнес жеңілдетілген несие мен қаржыландыру ала алатын. Бірақ іс жүзінде өнім өндіретін кәсіпорындар салықтық жүктемеге байланысты қиындыққа тап болды. Кейбірі бәсекеге төтеп бере алмай, жұмысын тоқтатты», – дейді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, соңғы жылдары Үкімет нақты өндірістік қуаты бар, ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын кәсіпорындарға көбірек көңіл бөле бастаған.
«Отандық тауар өндірушілер тізілімінің енгізілуін оң бағалаймын. Мұндағы басты талаптардың бірі – кәсіпорынның өнімді шынымен өзі өндіретінін дәлелдеу. Иә, талаптар қатаң. Бірақ бұл талаптар өндіріс сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар болашақта мемлекеттік қолдауға қол жеткізу процесін де жеңілдетуі мүмкін», – деп атап өтті Ефим Третьяк.
Отандық өндірушіге басымдық беру күшейді
Осылайша, Үкіметтің отандық өндірісті қолдау саясаты жекелеген жеңілдіктер мен бағдарламалардан жүйелі өнеркәсіптік саясатқа қарай өзгеріп келеді.
Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыру, өндірісті жергіліктендіру, нақты өндірушілерді анықтау және бизнесті қаржыландыру тетіктерін біріктіру – осы саясаттың негізгі бағыттары.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін көбейтуге және ел ішінде қосылған құнды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар