Қарин Конституцияны түсіндіру жұмысы туралы Тоқаевқа екі апта сайын есеп береді

24.09.2026 13:07 Қанат АЙБАР
Қарин Конституцияны түсіндіру жұмысы туралы Тоқаевқа екі апта сайын есеп береді
171
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Конституцияны түсіндіру және дәріптеу жұмысын ұйымдастыруды вице-президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырды. Қарин жұмыстың барысын екі апта сайын тікелей президентке баяндап отыруға тиіс, деп хабарлайды Politico.kz.

Тоқаев бұл тапсырманы Қазақстан Халық кеңесінің сессиясында берді. Кеңес мүшелеріне, үкімет өкілдері мен Құрылтай депутаттарына қарата сөйлеген мемлекет басшысы алда үлкен мақсаттар мен нақты жоспарлар тұрғанын, оларды орындау үшін бірлікті нығайтып, белсенді әрі табанды жұмыс істеу керегін айтты.

Президент Конституцияны жұртқа түсіндіруге үстірт қарауға болмайтынын ескертті. Оның сөзінше, бұл саяси жұмысқа білімі терең, тәжірибесі мол адамдарды тарту қажет.

Атап айтқанда, заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлері қатысуы керек.

Ал Президент Әкімшілігі осы жұмысты жан-жақты қамтып, жүйелі жүргізудің негізін әзірлеуге міндетті.

«Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын», деді Тоқаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий