Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек сұмдық оқиға туралы айтты
Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы Жәнібек (Мұрат Савельев) әлеуметтік желідегі парақшасында туған анасын іздеу барысында жаңа деректердің шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін кездескен әйелмен ДНҚ сәйкес келмегенімен, сол жүздесу жаңа болжамға жол ашқан. Жәнібек дүниеге келген сәтте перзентханада нәрестелер ауысып кетуі мүмкін деген күдік туындаған:
«Оның айтуынша, ол мені дүниеге келген алғашқы күндерімде емізген. Сондықтан біз менің дүниеге келген кезімде ауруханада балалардың шатастырылып кетуі мүмкін деген ойға келдік. Яғни, ол мені өз баласы деп ойлаған болуы мүмкін, ал мен басқа әйелдің баласы болып кеткен шығармын. Осы ойдан кейін біз іздеуді жалғастыруға шешім қабылдадық», — деп жазды ол.
Зерттеу барысында 2002 жылдың қаңтарында, Жәнібек туған күндерге жақын уақытта дәл сол перзентханада дүниеге келген сәбилердің тізімі қаралған. Нәтижесінде сол балалардың арасынан Жәнібекпен бірге Арқалықтағы балалар үйіне түскен тағы бір ұлдың бары анықталған.
«Бірақ ең таңғаларлығы — сол баланың сырт келбеті. Оның суретін көргенде, біз бірден назар аудардық. Сол ұлдың түрі әлгі әйелге ерекше ұқсайтынын байқадық. Жүзіндегі ерекшеліктері, көзқарасы, тіпті кейбір қимылдары мен бет-әлпетіндегі ұқсастықтар — бәрі бізді ойландырды», — деді Жәнібек.
Ол бұл жолғы іздеу жұмыстары бұрынғыдан әлдеқайда күрделі болатынын айтып, оқиғаның жалғасын алдағы уақытта бөлісетінін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар