Тоқаев пен Путин Кремльде қандай мәмілеге келді?

Тоқаев пен Путин Кремльде қандай мәмілеге келді?
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 халықаралық конференциясы қарсаңында Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу барысында тараптар цифрландыру мен жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық және жаһандық геосаяси ахуал мәселелерін талқылады.

Жасанды интеллект және IT-ынтымақтастық

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өтетін AI Journey 2026 форумының өзектілігіне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, биылғы жыл Қазақстанда «Жасанды интеллектіні дамыту жылы» болып жарияланып, еліміз БҰҰ-ның электрондық үкімет (E-Government) рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтерілген.

«Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан тарапы ресейлік IT-компаниялардың киберқауіпсіздікті дамыту тәжірибесін қызығушылықпен зерделеп отырғанын жеткізді.

30 миллиард долларлық меже және бірлескен жобалар

Келіссөздерде екі ел арасындағы сауда-саттық қарқыны жоғары бағаланды. Екіжақты тауар айналымы 30 миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесі 90 пайыздан асты. Күн тәртібіндегі 178 бірлескен жобаның 124-і жүзеге асырылған, қалғаны таяу арада аяқталады.

Шэньчжэнь саммитіне берілген баға

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ Президенті Дональд Трамп және Ресей президенті Владимир Путиннің үшжақты кездесуінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.

«Үштіктің» отырысын қарап отырып, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Бұл – ресейлік дипломатияның және Ресей мемлекетінің зор жетістігі», – деді Қазақстан президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин форумға құрметті қонақ ретінде келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, тұрақты кездесулер екіжақты байланыстардың барлық бағытта ілгерілеуіне оң серпін беріп отырғанын атап өтті.

Кездесу соңында мемлекеттер басшылары энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларындағы жобаларды және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу