Шалқарда мектептің 82 млн теңгесін жымқырған үш бухгалтер сотталды
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында мектептің 82 млн теңгеден астам қаражатын жымқырған үш бухгалтер сотталды. Бас бухгалтер 8 жылға, қалған екеуі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Politico.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, Шалқардағы №5 мектеп-лицейінің бас бухгалтері 2021–2024 жылдары екі бухгалтермен бірге бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Олар мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлердің жалақысын тиісті мөлшерден артық есептеп аударып отырған. Кейін қызметкерлер артық түскен ақшаны қолма-қол шешіп алып, бухгалтерлерге берген.
Бұл заңбұзушылықты Шалқар ауданының прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалуын тексеру кезінде анықтаған.
Сот үш бухгалтерді кінәлі деп танып, бас бухгалтерге 8 жыл, қалған екеуіне 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олардың барлығына 10 жыл бойы бухгалтер болып жұмыс істеуге тыйым салынды.
Алайда сотталғандардың кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Маңғыстауда аурухана ақшасын жымқырып келген бас есепшіге сот үкімі шықты.
Соңғы жаңалықтар