Астана – Қарағанды тасжолында көлік дөңгелегі жарылып, бірнеше көлік соқтығысты
Астана – Қарағанды автожолында көліктің дөңгелегі жарылуы салдарынан үш бірдей жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, Қарағанды облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 22 қараша күні кешкі сағат 18:30 шамасында республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды тасжолының 185-шақырымында (Теміртау қаласының маңы, Қарағанды бағыты) болған.
Алдын ала болжам бойынша, тізбектелген апаттарға Теміртау бағытынан келе жатқан Kia K5 автокөлігінің техникалық ақауы себеп болған. Қаршоссе көпірінің тұсында аталған көліктің алдыңғы дөңгелегі кенеттен жарылып кеткен.
Соның салдарынан артта келе жатқан жүргізушілер шұғыл тежегіш басуға мәжбүр болып, Changan, Toyota, Jetour, Haval және Hyundai маркалы көліктер үш бөлек соқтығысқан.
Абырой болғанда, жол апаттарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Тек көліктерге материалдық шығын келген. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері барлық дерек бойынша тексеру жүргізіп, оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар