Бетховеннің бір тал шашы 200 жылдан кейін сыр шертті
Немістің әйгілі сазгері Людвиг ван Бетховен көзі тірісінде өзін қандай дерттің азаптағанын білгісі келген. Тіпті бауырларына хат жазып, қайтыс болғаннан кейін ауруының себебін анықтауды өтінген. Арада екі ғасыр өткенде ғалымдар оның шашын зерттеп, тың деректерге қол жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
ScienceAlert басылымының жазуынша, Бетховен өмір бойы денсаулығынан зардап шеккен. Есту қабілетінен айырылып, асқазаны мен бауыры ауырған. Алайда 1827 жылы неден қайтыс болғаны әлі күнге дейін жұмбақ.
Сазгер көзі тірісінде достарына бір шоқ шашын сыйға тартқан екен. Қайтыс болғаннан кейін де оның шашын сақтап қалғандар көп болған.
2023 жылы ғалымдар сол шаштардың ДНҚ-сын зерттеп, Бетховеннің В гепатитін жұқтырғанын және бауыр ауруына тұқым қуалайтын бейімділігі болғанын анықтады. Ішімдікті көп тұтынуы да оның бауырына зиян келтірген болуы мүмкін.
Ал 2024 жылы ғалымдар бұдан да қызық дерекке тап болды. Сазгердің шашындағы қорғасын мөлшері қалыпты деңгейден 95 есе жоғары болған. Сондай-ақ шаш құрамынан сынап пен күшәннің шамадан тыс мөлшері анықталған.
Ол заманда қорғасынның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін жұрт біле бермеген. Одан ыдыс-аяқ жасап, тіпті ем-домға да пайдаланған.
Ғалымдардың пайымынша, қорғасыннан улану Бетховеннің есту қабілетінен айырылуына, асқазаны мен ішегінің ауыруына себеп болуы ықтимал. Дегенмен оның өліміне тек қорғасыннан улану себеп болды деуге негіз жоқ.
Бір қызығы, денсаулығы осыншама сыр бергеніне қарамастан, Бетховен шығармашылық жолында 700-ден астам туынды жазған. Бауырларына қалдырған хатында оны өмірден баз кешуден өнері ғана сақтап қалғанын айтқан.
Соңғы жаңалықтар