Бір мамандық, сегіз есе айырмашылық – Қазақстандағы жалақы

Бір мамандық, сегіз есе айырмашылық – Қазақстандағы жалақы
Фото: magnific.com

Қазақстанда мұнай-газ өндірісіндегі еден жуушының айлық жалақысы 440 575 теңге болса, балабақшадағы есепші 214 637 теңге алады. Ал бір кәсіптің иесі саналатын көлік жүргізушілерінің жалақысында сегіз еседен астам айырмашылық бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Экономист, «ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов economyKZ.org сайтында Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректеріне сүйеніп, қазақстандықтардың еңбегі қалай бағаланатынын талдаған.

Зерттеудегі жалақы мөлшері салық пен өзге де міндетті төлемдер ұсталмағанға дейінгі соманы көрсетеді. Есепке сәуір айын толық жұмыс істеген жалдамалы қызметкерлер ғана алынған.

Бір мамандық, әртүрлі жалақы

Қазақстанда көлік жүргізушісінің орташа айлығы 328 147 теңге. Алайда оның қай салада жұмыс істейтініне қарай жалақысы едәуір өзгереді:

  • Жиһаз өндірісінде – 124 235 теңге;
  • Балабақшада – 166 271 теңге;
  • Білім беру саласында – 213 114 теңге;
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 227 917 теңге;
  • Саудада – 318 061 теңге;
  • Көлік және қоймалау саласында – 434 789 теңге;
  • Тау-кен өнеркәсібінде – 691 956 теңге;
  • Мұнай-газ өндіру саласында – 1 005 331 теңге.

Есепшілердің де жағдайы осыған ұқсас. Балабақшадағы есепші 214 637 теңге, сауда саласындағы есепші 457 650 теңге, қаржы және сақтандыру саласында жұмыс істейтін есепші 632 861 теңге алса, мұнай-газ өндірісінде бұл көрсеткіш 1 034 289 теңгеге жетеді.

Ал жиһаз өндірісінде тазалықшы мен күзетшінің орташа айлығы бірдей – 96 мың теңге. Мұнай-газ саласында тазалықшы 440 575 теңге, күзетші 367 009 теңге алады.

Диплом жоғары жалақының кепілі ме?

Елдегі бірқатар мамандық иесінің орташа айлық жалақысы мынадай:

  • Күзетші – 174 226 теңге;
  • Тазалықшы – 201 738 теңге;
  • Көмекші жұмысшы – 217 448 теңге;
  • Мейірбике – 264 636 теңге;
  • Тәрбиеші – 271 309 теңге;
  • Есепші – 398 577 теңге;
  • Мектеп мұғалімі – 415 042 теңге;
  • Токарь – 474 611 теңге;
  • Кран машинисі – 482 837 теңге;
  • Дәрігер – 491 385 теңге;
  • Экономист – 511 843 теңге;
  • Заңгер – 541 967 теңге;
  • Экскаватор машинисі – 565 104 теңге;
  • Инженер – 702 040 теңге;
  • Цех бастығы – 938 340 теңге;
  • Ұйым басшысы – 1 101 149 теңге.

Экономистің пайымынша, жоғары білімнің болуы өздігінен мол табысқа кепілдік бермейді. Жұмысшының біліктілігімен қатар, оның еңбегіне деген сұраныс, кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі, еңбек жағдайы мен жауапкершілігі де жалақы мөлшеріне әсер етеді.

Қай өңірде еңбекақы жоғары?

Қазақстан бойынша бір сағаттық еңбекақы орта есеппен 2 508 теңгені құрайды. Ең жоғары және ең төмен көрсеткіш тіркелген өңірлердің арасындағы айырмашылық екі есеге жуық.

Жоғары көрсеткіштер:

  • Алматы – 3 471 теңге;
  • Астана – 3 286 теңге;
  • Маңғыстау облысы – 3 188 теңге;
  • Ұлытау облысы – 3 186 теңге;
  • Атырау облысы – 3 134 теңге.

Төмен көрсеткіштер:

  • Түркістан облысы – 1 771 теңге;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1 823 теңге;
  • Жетісу облысы – 1 847 теңге;
  • Жамбыл облысы – 1 866 теңге.

Бір қызығы, жалпы сағаттық еңбекақы бойынша Алматы көш бастағанымен, арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмысшыларға Ұлытау облысында Алматыға қарағанда шамамен 18% көп төленеді.

Өңірлер арасындағы жалақы айырмашылығы мамандыққа да байланысты. Мәселен, Шымкентте мектеп мұғалімі орта есеппен 371 348 теңге, Алматы облысында 467 048 теңге алады. Ал Түркістан облысындағы жүргізушінің айлығы 215 998 теңге болса, Маңғыстауда 633 013 теңгеге жетеді.

Қай жаста жалақы жоғары болады?

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 35–44 жас аралығындағы қызметкерлердің сағаттық еңбекақысы жоғары.

  • 16–24 жас – 1 757 теңге;
  • 25–34 жас – 2 396 теңге;
  • 35–44 жас – 2 773 теңге;
  • 45–54 жас – 2 658 теңге;
  • 55–64 жас – 2 275 теңге;
  • 65 жас және одан жоғары – 1 947 теңге.

Дегенмен қаржы және сақтандыру саласында ең жоғары көрсеткіш 45–54 жас аралығындағы қызметкерлерге тиесілі. Олар сағатына орта есеппен 8 110 теңге алады. Ал тау-кен өнеркәсібінде 65 жастан асқан қызметкерлердің сағаттық еңбекақысы 5 192 теңгеге жетеді.

Экономист төмен жалақыны тек адамның біліміне, біліктілігіне немесе еңбекқорлығына қарап түсіндіру дұрыс емес деп есептейді. Табыстың өсуі ел экономикасының қандай жұмыс орындарын ашып жатқанына, еңбек өнімділігіне және кәсіпорын тапқан табыстың қызметкерлер арасында қалай бөлінетініне де байланысты.

Оның үстіне жоғары жалақы әрдайым жақсы тұрмыс дегенді білдірмейді. Баспана жалдау, азық-түлік, көлік, несие және өзге де міндетті шығындардан кейін отбасының қолында қанша қаражат қалатыны да маңызды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу