Өскеменде 10 жылға жуық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды
Өскеменде мемлекетаралық іздеуде жүрген 55 жастағы шетел азаматы ұсталды. Ол сот үкімі шыққаннан кейін жазасын өтеуден жалтарған, деп хабарлайды Politico.kz ІІМ-ге сілтемемен.
2007 жылдың желтоқсанында ер адам тұрмыстық жанжал кезінде танысын пышақпен жаралап, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сот оны сырттай 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Алайда ол бой тасалап, 2016 жылдың соңында мемлекетаралық іздеуге жарияланған.
Шығыс Қазақстан облысының криминалдық полиция қызметкерлері оны «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қолға түсірді.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, оны іздестірген тарапқа хабар берілді. Биыл желтоқсанда оны қылмыстық жауапқа тарту үшін тиісті елге беру жоспарланған.
Жыл басынан бері облыс полицейлері іздеуде жүрген 23 адамды ұстаған. Оның 13-і өткен жылдары жасалған қылмыстар бойынша іздеуде болған.
Айта кетейік, Қазақстанда 20 жыл бұрын қылмыс әлемінің серкесін өлтірді деген күдікті ұсталған еді.
Соңғы жаңалықтар