«Халықтың сеніміне ие болу үшін құр сөзден гөрі нақты іс маңызды» – Айнұр Қызылбаева

«Халықтың сеніміне ие болу үшін құр сөзден гөрі нақты іс маңызды» – Айнұр Қызылбаева
Фото: Маңғыстау соттары

Соттың беделі ғимаратының зәулімдігімен де, судьяларының лауазымымен де өлшенбейді. Оның абыройы – әділдік іздеп келген халықтың сенімінде. Ал сол сенімді қалай қалыптастырамыз? Ақтау қалалық сотының төрағасы Айнұр Қызылбаева Politico.kz тілшісіне берген сұхбатында осы сауал төңірегінде ой қозғап, сот жүйесіндегі жемқорлықпен күрес пен судьяның жеке басындағы адалдық туралы сөз етті.

Сот төрағасының пайымынша, халықтың сотқа деген сенімін нығайту әр судьяның өзінен басталады. Қанша жерден білімді, тәжірибелі маман болғанымен, адам бойында адалдық пен жауапкершілік болмаса, кәсіби біліктіліктің өзі жеткіліксіз.

«Судья әрдайым өз ісіне сын көзбен қарап, заң талаптарын басшылыққа алып, ешкімнің ықпалына түспеуі керек», – дейді Айнұр Қызылбаева.

Ол судьяның парасаттылығы қабылдаған шешімінен ғана емес, азаматтармен қарым-қатынасынан, өз әрекетіне жауап бере білуінен де көрінетінін атап өтті. Демек, судьяның жеке басындағы қасиеттер тұтас сот жүйесінің абыройына әсер етеді.

Жемқорлыққа жол бермеудің амалы қандай?

Әңгіме барысында сот төрағасы қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да тоқталды.

Айнұр Қызылбаеваның айтуынша, бүгінде сот ісін цифрландыру, электрондық қызметтерді дамыту, сот отырыстарының ашық өтуін қамтамасыз ету секілді шаралардың жемқорлықтың алдын алуда маңызы зор. Дегенмен мұндай тетіктермен қатар әр қызметкердің ішкі ұстанымы да берік болуы қажет.

«Судьяның қандай да бір жеке мүддеге, материалдық пайдаға немесе сыртқы ықпалға тәуелді болуына жол берілмейді», – дейді ол.

Сот төрағасы жемқорлықпен күресті тек мемлекеттік мекемелердің мойнына артып қоюға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, қоғамның өзі де заңсыздыққа төзбеуді үйренуі керек.

«Бұл ретте жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі деп есептеймін. Әрбір азамат заңды құрметтеп, әділетсіздік пен заңсыздыққа көз жұма қарамауы керек. Өйткені адалдық пен әділдік салтанат құрған қоғамда ғана халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығаяды», – деді Айнұр Қызылбаева.

Сенім сөзбен емес, іспен келеді

Сот жүйесінің беделін қалыптастыруға тек судьялар емес, соттың әрбір қызметкері үлес қосады. Азаматтың сот туралы алғашқы пікірі оны қалай қарсы алғанынан, сауалына қалай жауап бергенінен де қалыптасуы мүмкін.

Айнұр Қызылбаева осы тұрғыда қызметкерлердің сыпайылығына, тәртібіне, кәсіби біліктілігіне және жұмысының ашықтығына ерекше мән береді. Ал судья шығарған шешім заңға сай, негізді болумен қатар, азаматқа түсінікті де болуы тиіс.

Сұхбат барысында сот төрағасының айтқан мына бір сөзі ерекше назар аудартады:

«Менің ойымша, халықтың сеніміне ие болу үшін құр сөзден гөрі нақты іс маңызды. Әрбір қызметкер өз міндетін адал атқарып, заңға құрметпен қараса, қоғамдағы сот билігіне деген сенім де арта түседі. Өйткені сот жүйесінің абыройы – оны құрайтын әрбір адамның жауапкершілігі мен адамгершілігінен басталады».

Расында, халық үшін әділдік – қағазға жазылған қағида емес, күнделікті өмірде көз жеткізгісі келетін құндылық. Ал сол әділдіктің салтанат құруы судьяның біліміне ғана емес, ар-ожданына да байланысты.

Айта кетейік, бұған дейін жарияланған сұхбатымыздың алғашқы бөлімінде Айнұр Қызылбаева судьяның сыртқы қысымға қалай төтеп беруі керектігін, күрделі істерді қараудағы жауапкершілігін және сот төрелігіндегі адамгершіліктің маңызын әңгімелеген еді. Сұхбаттың алғашқы бөлімін мына жерден оқи аласыздар.

Сұхбаттың жалғасы бар.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу