«Қазатомөнеркәсіптің» тағы бір басшысы қызметінен кетті

«Қазатомөнеркәсіптің» тағы бір басшысы қызметінен кетті
Фото: kazatomprom.kz

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков ұсталғаннан кейін араға үш күн салып, компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов қызметінен кетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның хабарлауынша, Сағындықов 26 қарашадан бастап өз еркімен қызметін босатқан. Директорлар кеңесі оның өтініші негізінде басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін де тоқтатты. Сағындықовтың міндеттері компанияның өзге басшылары арасында бөлінеді. Компания оның қызметтен кетуінің тергеуге қатысы бар-жоғын айтпады.

Еске салайық, 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіптің» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған еді. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (пара беру) бойынша тергеу жүріп жатыр.

Politico.kz Қуаныш Омарбековпен аты-жөні бірдей адамның 11 жыл бұрын ҰҚК генералына қатысты қылмыстық істе де аталғанын жазған еді.

Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған. Бұдан бөлек, ҚТЖ-ның екі директоры мен «Самұрық-Қазына» қорының бір департамент директорының да ұсталғаны белгілі болды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу