«Электронды журналда бағалар мен деректер ғайып болды»: BilimClass платформасында не болып жатыр?
Қазақстандық мұғалімдер BilimClass электронды журналындағы техникалық ақауға шағымданды. Кейбір педагогтердің айтуынша, платформада бір тоқсан бойы енгізілген үй тапсырмалары жоғалып кеткен. Енді олар барлық мәліметті қайта толтыруға тура келе ме деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желілерде BilimClass жұмысына қатысты шағымдар 27 қараша күні таңертең пайда болды. Мұғалімдердің бір бөлігі қосымшаға кіре алмай жатқанын айтса, енді бірі электронды журналда бұрын енгізілген ақпараттың көрінбей қалғанын хабарлаған.
Педагогтердің бірі барлық сыныптағы үй тапсырмалары бірдей жоғалып кеткенін жазды.
«Тек осы жетпей тұр еді. BilimClass-тағы ақаудан кейін барлық сыныбымдағы үй тапсырмалары өшіп қалыпты. Бір тоқсан бойы енгізген мәліметтерім жоқ. Енді бәрі қалпына келе ме деп күтеміз бе, әлде тоқсанның басында не тапсырғанымызды еске түсіріп, қайта жазуға кірісеміз бе?» – деп жазды мұғалім.
Пікір қалдырған өзге педагогтер де осындай жағдайға тап болғанын жеткізді. Кейбірі тіпті екі тоқсан бойы енгізілген тапсырмалардың жоғалғанын мәлімдеді.
BilimClass өкілдері не дейді?
Платформаны әзірлеушілер техникалық ақау болғанын растады. Олар пайдаланушылардан кешірім сұрап, кейбіріне қате хабарламалар мен ескертулер келуі мүмкін екенін ескертті.
«Платформада уақытша ақаулар болуы мүмкін. Соның салдарынан кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіру кезінде қиындықтарға тап болуы, сондай-ақ бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбеуі мүмкін», – делінген BilimClass хабарламасында.
Қазір мамандар техникалық ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, BilimClass – қағаз журналдар мен күнделіктердің орнына қолданылатын қазақстандық білім беру платформасы. Мұғалімдер бұл жүйе арқылы оқушылардың бағасын қойып, сабаққа қатысуын белгілейді және үй тапсырмаларын енгізеді. Ал оқушылар мен ата-аналар баланың үлгерімі мен сабақ кестесін бақылай алады.
Соңғы жаңалықтар