«Бір минут – 71 млн теңге»: Жарықтың жаппай өшуі Алматы экономикасына қанша шығын әкелді?

14.08.2026 17:51 Әсел МҰРАТ
«Бір минут – 71 млн теңге»: Жарықтың жаппай өшуі Алматы экономикасына қанша шығын әкелді?
64
Фото: ашық дереккөз

Алматыда экономикалық белсенділік толық тоқтаған әр минут шартты түрде шамамен 71 млн теңгеге тең. Бұл есеп 2025 жылғы қаланың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) негізінде жасалды, деп хабарлайды Politico.kz protenge телеграм арнасына сілтеме жасап.

2025 жылы Алматының ЖӨӨ көлемі 37,28 трлн теңге болды. Осы соманы 365 күнге, тәулігіне 24 сағатқа және сағатына 60 минутқа бөлгенде, қала экономикасында бір минутта шамамен 70,9 млн теңгенің экономикалық белсенділігі қалыптасатыны шығады.

Бұл электр жарығының өшуінен келген нақты шығын емес. Өйткені тоқтап қалған экономикалық операциялардың бір бөлігі кейінге шегеріліп, кейін қайта жүзеге асуы мүмкін. Сондықтан көрсеткіш тек жарықтың өшуі ықпал етуі мүмкін экономиканың жалпы ауқымын шамамен бағалауға мүмкіндік береді.

Алматыда электр қуаты жаппай өшті

14 тамызда Алматыда электр энергиясы жаппай өшті. Электрмен жабдықтаудағы ақау Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарына әсер етті. Алматы облысында тағы 10 аудан жарықсыз қалды.

Ажыратылған электр жүктемесі шамамен 300 МВт болды. Қаладағы электр қуатының өшуі екі сағатқа созылды.

Апаттың салдары бірден сезілді. Бірқатар бағдаршам жұмысын тоқтатып, қала жолдарында көлік кептелісі күшейді. Кейбір қиылыстарға жол қозғалысын реттеушілер шығарылды.

Бұдан бөлек, сорғы жабдықтарының тоқтауына байланысты ауыз сумен қамтамасыз етуде іркіліс қаупі туындады.

Электрдің өшуіне не себеп болды?

Алғашқы уақытта апаттың нақты себебі айтылған жоқ. Кейін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ электр қуатының үзілуіне қатысты түсініктеме берді.

Компанияның мәліметінше, 14:38-де KEGOC-ке тиесілі 500 кВ кернеулі үш әуе электр желісінде - Л-5400, Л-5300 және Л-5320 - апаттық ажырату болған.

Осыдан кейін апатқа қарсы автоматика іске қосылып, тұтынушылардың бір бөлігі электр желісінен автоматты түрде ажыратылған.

Апат Алматы облысымен ғана шектелген жоқ. Талдықорған мен Текелі қалалары, сондай-ақ Жетісу облысының сегіз ауданы да электр қуатынсыз қалды.

Алматыда бұған дейін де ірі блэкаут болған

Алматы үшін мұндай ауқымды энергетикалық апат бірінші рет болып отырған жоқ.

2022 жылы 25 қаңтарда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ірі электр апаты тіркелген. Сол кезде Орталық Азияның энергетикалық жүйесінде апаттық теңгерімсіздік болып, 500 кВ кернеулі «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік Қазақстан» транзитіне түсетін жүктеме күрт артқан.

Соның салдарынан Қазақстанның оңтүстігіндегі көптеген тұтынушы электр желісінен ажыратылды.

Алматы мен Алматы облысында ажыратылған жүктеме шамамен 1000 МВт болды. Электр қуатынсыз қалған тұтынушылар саны 92 мыңнан асты.

Ұлттық электр желісінің Алматы энергия торабы арқылы өтетін қалыпты схемасы апат басталғаннан кейін шамамен 1 сағат 40 минутта қалпына келтірілді.

Сол кездегі апатқа да Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі теңгерімсіздік себеп болған. Электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемінің арасындағы күрт айырмашылық транзит желілерінің шамадан тыс жүктелуіне әкеліп, нәтижесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылған.

Бүгінгі жағдай Алматы сияқты елдің ең ірі экономикалық және іскерлік орталығы үшін электрмен тұрақты қамтудың маңызын тағы бір көрсетті.

2025 жылғы ЖӨӨ көрсеткішіне сүйенсек, Алматыдағы экономикалық белсенділік толық тоқтаған әр минут шартты түрде 70,9 млн теңгеге тең.

Демек, 10 минуттық толық өшу шамамен 709 млн теңгенің экономикалық белсенділігіне сәйкес келеді.

Бұл ретте аталған сома нақты шығын көлемі ретінде қабылданбауы керек. Электр қуатының үзілуі салдарынан кейінге қалған өндіріс, сауда немесе қызмет көрсету операциялары кейін қайта орындалуы мүмкін.

Сондықтан бұл есеп бүгінгі блэкауттың нақты экономикалық шығынын емес, электрмен жабдықтаудың жаппай тоқтауы әсер етуі мүмкін Алматы экономикасының ауқымын көрсетеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий