Тек Алматы емес, көрші елдер де жарықсыз қалды: не болып жатыр?

14.08.2026 16:52 Қарақат АСЫЛОВА
Тек Алматы емес, көрші елдер де жарықсыз қалды: не болып жатыр?
323
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов
ЖАЛҒАСЫ

Алматы. 14 тамыз. Politico.kz – 2026 жылғы 14 тамызда Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі апатқа байланысты Қазақстанның бірнеше аймағында электр қуаты жаппай өшіп қалды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады. Осы жағдай көршілес үш мемлекетке де кері әсерін тигізген.

«KEGOC» компаниясының мәліметінше апат сағат 14:37-де тіркелген. Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде технологиялық ауытқу болды. Бұған Орталық Азия тарапынан электр энергиясы қуатының күрт артуы себеп болған. Салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылып, елдің оңтүстік аймағы оқшауланған жұмыс режиміне көшті.

Осы кезде «KEGOC» акционерлік қоғамына тиесілі кернеуі 500 кВ болатын үш желі ажыратылды. Олардың қатарында Л-5300 және Л-5320 «Ағадыр – Үлкен», сондай-ақ Л-5400 «Ақтоғай – Талдықорған» желілері бар. Министрліктің ақпаратына сүйенсек бұл 2810 МВт көлеміндегі электр жабдықтау шектеуіне алып келген.

Апат салдарынан Алматы қаласы мен облысы жарықсыз қалды. Қала әкімдігі авариялық өшу сағат 14:38-де болғанын мәлімдеді. Электр қуаты мегаполистің Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында үзілді. Қалада ұялы байланыс нашарлап, бағдаршамдар істен шықты. Бұл өз кезегінде жол қозғалысын айтарлықтай қиындатты.

Сонымен қатар Алматы облысының Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында электр сөнді. Бұл аумақтарда САОН және АЧР жүйелері автоматты түрде іске қосылған. Қазір «Алатау Жарық Компаниясы» мамандары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жетісу облысының әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша өңірде де осындай жағдай тіркелген. Талдықорған мен Текелі қалалары, сондай-ақ облыстың сегіз ауданы жарықсыз қалды. Бұған жоғарыда аталған магистральдық желілердің істен шығуы тікелей себеп болған.

Жүйелік оператор апат салдарын жоюға бірден кірісті. Сағат 14:47-де Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарындағы 295 МВт көлеміндегі шектеулер алынды. Жағдай Энергетика министрлігінің қатаң бақылауында тұр. Ал «KEGOC» компаниясы қалпына келтіру шараларын жалғастыруда.

Бұл энергетикалық коллапс тек Қазақстанға ғана әсер еткен жоқ. Жаппай жарық өшу фактісі Орталық Азияның тағы үш елінде байқалды. Көршілес Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан тұрғындары да электр қуатындағы іркілістер туралы жаппай хабарлап жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий