Алматыда жарық өшіп қалды

14.08.2026 15:39 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматыда жарық өшіп қалды
250
Фото: magnific.com
ЖАЛҒАСЫ

Алматы қаласының төрт ауданы мен Алматы облысының он ауданы кенеттен жарықсыз қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тұрғындар электр энергиясының жаппай өшіп қалғанын 2026 жылғы 14 тамызда сағат 14:38-де байқаған. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Апаттың негізгі себебі «KEGOC» АҚ тиесілі желілердегі ақаумен байланысты. Нақтырақ айтқанда кернеуі 500 кВ болатын Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе электр желілері авариялық жағдайда сөнген.

Осының салдарынан «Алатау Жарық Компаниясы» желілерінде апатқа қарсы автоматика, яғни САОН және АЧР жүйелері іске қосылды. Бұл жүйелер қала мен облыс тұтынушыларын жарықтан автоматты түрде ажыратуға әкеп соқты. Автоматиканың әрекетінен өшірілген жүктеме көлемі 300 МВт құрады.

Алматы қаласында жарықсыз қалған аумақтар қатарында Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандары бар. Алматы облысында электр қуаты Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында сөнді.

Қазіргі уақытта «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары тұтынушыларды электр қуатымен қайта қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий