«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: Жаңа қорғаныс министрі алғашқы кеңесін өткізді

28.09.2026 • 17:52 Қарақат АСЫЛОВА
«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: Жаңа қорғаныс министрі алғашқы кеңесін өткізді
158
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов әскердегі артық есеп пен пайдасы жоқ кеңестерді қысқартып, сарбаздардың қауіпсіздігі мен нақты дайындығына көңіл бөлуді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жаңа министр басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, президенттің армияны жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын талқылаған.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», деді министр.

Командирлерге әскери ортадағы қарым-қатынасты жақсартып, тәрбие жұмысы мен қызмет жағдайларына көңіл бөлу тапсырылды. Сонымен қатар әлімжеттік пен жарғыға қайшы өзге де әрекеттердің алдын алып, оларға жол бермеу міндеті қойылды.

Әскери дайындық та қазіргі ұрыс жағдайына бейімделмек. Министр оқытуды практикалық тәжірибеге және заманауи қақтығыстарды талдауға негіздеп, ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау мен байланыс технологияларын қолдануды ескеруді тапсырды. Бөлімшелер өзара үйлесімді қимылдап, әртүрлі жағдайда міндетін орындауға дайын болуы керек.

Басқару жүйесін цифрландырумен қатар, артық әкімшілік рәсімдер, есептер мен іс жүзінде пайдасы жоқ кеңестер қысқартылмақ. Осыдан босаған уақыт пен ресурстар әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға жұмсалуы тиіс. Қару-жарақ пен техниканы дамыту, сатып алу және жабдықтау жұмыстары да әскердің нақты қажеттілігіне қарай жүргізілмек. Министр тиімсіз шығынға жол бермей, бюджет қаражатын ұқыпты жұмсауды және шешімдердің ашықтығын арттыруды талап етті.

Кеңесте президент тапсырған кешенді тексерудің барысы да қаралды. Бөлімше басшылары комиссияға қажетті қолдау көрсетіп, сұратылған барлық ақпаратты ұсынуға міндеттелді.

Еске сала кетейік, Айдос Мырзахметов 27 қыркүйекте президент жарлығымен қорғаныс министрі болып тағайындалып, сол күні қызметінен босатылған Дәурен Қосановтың орнына келді. Бұл ауыс-түйіс Каспийдегі апаттан кейін болды.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейгенде жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жүрген 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың 14-і қаза тапты. Осыдан кейін президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеруді тапсырған.

Ал қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрді қабылдап, елдің қорғаныс қабілетін, әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және басқару жүйесін жетілдіру жөнінде тапсырма берді.

Войдите, чтобы оставить комментарий