Атбасар колониясындағы азаптау ісіне нүкте қойылды: түрменің 12 экс-қызметкеріне үкім шықты
Жұма күні Ақмола облысының Атбасар аудандық соты сотталғандарды, оның ішінде белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғу ісі бойынша колонияның 12 экс-қызметкеріне үкім шығарды. Сот барлық айыпталушыны қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Бқл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот 12 айыпталушының барлығын Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Рақымшылықты ескере отырып, тоғыз бұрынғы қызметкерге пробациялық бақылау белгіленіп, түпкілікті 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Тағы үшеуі қамауда отырған уақытының есепке алынуына байланысты жазадан босатылды.
Сондай-ақ сотталғандардың барлығына 3 жыл бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынып, олар арнаулы әскери атақтарынан айырылды.
Бұдан бөлек, сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды. Үш жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу есебінде 1,5 млн теңгеден, қалған 17 адамға 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өтемақы тағайындалды. Бұл қаражатты сотталғандардан ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы қаулы етілді.
Еске салайық, 2023 жылдың күзінде желіде тұтқын Тимур Дәнебаевты азаптаған видео тарап кеткен еді. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, 11 қызметкер жұмыстан шығарылды, сондай-ақ департамент пен колония басшылары қызметінен шеттетілді.
2024 жылдың 31 шілдесінде басталған сот процесінде 44 тұтқын жәбірленуші деп танылды. Прокурор айыпталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, 2025 жылдың 12 ақпанында алқабилер оларды толық ақтап шықты. Бұл шешімге қарсылық білдірген Дәнебаев бастаған тұтқындар аштық жариялады, ал прокуратура үкімге шағым түсіріп, сәуір айында сот ақтау үкімінің күшін жойды.
Алайда 2025 жылдың 24 желтоқсанында алқабилер қызметкерлерді екінші рет ақтап алған болатын. Кейін істі қарау барысында процессуалдық бұзушылықтар анықталып, 2026 жылдың 17 наурызында сот бұл үкімді де бұзды. Айыпталушылардың ісі үшінші мәрте сотта қаралды.
Соңғы жаңалықтар