«Самұрық-Қазына» басшыларының ұсталуына қатысты бұрынғы топ-менеджер не деді?
«Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшыларының бірі Елена Бахмутова ұлттық компаниялардағы басшылардың ұсталуына қатысты пікір білдіруден бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Ulysmedia.kz”-ке сілтемемен.
Алайда ол бұл жағдайдың қор жұмысына және ел экономикасына әсері қандай болуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.
Қаржыгерлер конгресі аясында Алматыда журналистермен кездескен Елена Бахмутова тергеу мен қамауға алу мәселелеріне қатысты түсініктеме бергісі келмейтінін бірден аңғартқан. Дегенмен журналистердің қордың қазіргі жағдайы туралы сауалына жауап беріп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысы тоқтап қалмайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, қор – Үкіметке тиесілі мемлекеттік құрылым. Сондықтан жекелеген басшылардың қызметіне қатысты жағдай бүкіл ұйымның жұмысына әсер етпеуі керек. Себебі қордың басқару жүйесі бір адамның қызметіне тәуелді емес, оның басқармасы мен директорлар кеңесі бар. Ал директорлар кеңесін Премьер-министр басқарады.
Бахмутова қылмыстық іске қатысы бар деген күдікке ілінген адамдардың кінәсі сотта дәлелденуі тиіс екенін де атап өтті. Оның сөзінше, жекелеген тұлғаларға қатысты тергеу бүкіл компанияның қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды.
Сондай-ақ ол қордың өз міндеттемелерін орындауын жалғастыратынына және қызметінің үздіксіздігіне күмәндануға ешқандай себеп жоқ екенін айтты.
Соңғы жаңалықтар