«Самұрық-Қазына» басшысының ұсталуынан кейін Air Astana үн қатты
Air Astana «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Компания оның өзінің директорлар кеңесіне жетекшілік ететінін еске салды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ресми мәлімдеме Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланды.
«Эйр Астана» акционерлік қоғамы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының ұсталғанын назарға алды. Ол Air Astana тобының директорлар кеңесінің атқарушы емес төрағасы қызметін атқарады», – делінген хабарламада.
Компания оқиғаның қалай өрбитінін бақылап отыратынын қысқаша ғана атап өтті. Тергеу кезінде директорлар кеңесіне кім басшылық ететіні мәлімдемеде айтылмаған.
Air Astana тобының құрамына FlyArystan лоукостері де кіреді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті жемқорлық күдігімен ұстаған болатын. 13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бұл жағдайды «мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс» деп атады.
Соңғы жаңалықтар