"Біз мұны істей алмайтынымызды анықтадық": Үкімет салықты неге көтергісі келетінін түсіндірді

Жұманғарин салық реформасының басты себебін атады, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Жақында Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданып, салық реформасы жүргізіледі деп күтілуде. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халыққа салықты өзгертудің не үшін қажет екенін түсіндіріп берді.
Әңгіме неден басталды?
Үкімет өкілдері қазір жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіру үшін арнайы семинарлар өткізіп жатыр. Осындай бір кездесуде Серік Жұманғарин салық реформасын жүргізуге не себеп болғанын ашып айтты.
Оның сөзінше, егер мемлекеттің қаржылық жағдайы тұрақты болса, салықты өзгертудің қажеті болмас еді. Алайда, коронавирус пандемиясынан кейінгі уақытта жағдай өзгерген. Сол кезде үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын қолдау үшін бюджеттен көптеп ақша бөлуге мәжбүр болған. 2022-2023 жылдары экономикаға кететін шығындар да артқан.
Министр не дейді?
Серік Жұманғариннің айтуынша, үкіметтің алдында бюджет шығындарын азайту, тапшылықты жою және мемлекеттің қарызын азайту міндеті тұрған.
"Шын мәнінде, егер мемлекеттік қаржының жағдайы тұрақтырақ болса, онда, бәлкім, бұлай жасамауға да болар еді. Бірақ, өкінішке орай, постковидтік кезеңде біз "әлеуметтік салаға" ақша құюға мәжбүр болдық. 2022–2023 жылдары экономикаға жұмсалатын шығыстар артты…
…Міндет – шығыстарды қысқарту, бюджет тапшылығын және мемлекеттің борыштық тәуелділігін азайту болды. Біз мұны істей алмайтынымызды анықтадық. Осы бес жыл бойы қаражат әлеуметтік салаға: жалақы, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақыларға жұмсалды. Шығыс бөлігін қысқарту мүмкін болмағандықтан, кіріс бөлігін арттыру қажет", — деді министр Серік Жұманғарин.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жаңа салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар





