Bloomberg: АҚШ Украинада атысты Пасхаға дейін тоқтатады деп үміттенеді

АҚШ әкімшілігі Украинада кең ауқымды атысты тоқтату алдағы бірнеше апта ішінде жүзеге асуы мүмкін деп үміттенеді, деп жазады Bloomberg.
Бірақ Мәскеу украин қалаларына шабуылды күшейтіп, келісім жасауға асықпайтынын аңғартып отыр.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй 20 сәуірге дейін (биыл бұл күн батыстық және православ христиандардың Пасхасына сәйкес келеді) уақытша бітім жасасуға ұмтылып отыр. Алайда тараптар арасындағы үлкен келіспеушіліктерге байланысты мерзім өзгеруі мүмкін.
Алдағы күндері АҚШ ресми өкілдері Сауд Арабиясында Ресей мен Украинаның өкілдерімен жеке кездесіп, алғашқы параллель келіссөздер өткізеді.
Бұл кездесулерде Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы келіскен энергетикалық нысандарға шабуылды 30 күнге тоқтату туралы техникалық мәселелер талқыланады.
“Мен жақын арада толық атысты тоқтатамыз деп сенемін”, – деді Трамп жұма күні журналистерге, Путинмен сөйлескеннен кейін шабуылдар жалғасқаны туралы сұраққа жауап бере отырып.
Bloomberg мәліметінше, Ресей атысты тоқтату туралы келісімге максималистік талаптар қойған, соның ішінде Украинаға қару-жарақ пен барлау мәліметтерін жеткізуді тоқтатуды талап еткен.
Ақ үй осы айдың басында Украинаға әскери көмекті уақытша тоқтатқан болатын, бірақ әзірге ешқандай шектеулерге келісім берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар




