"Бұл еркектерді тежейді": Саясаттанушы зорлық-зомбылықты жою жолдарын ұсынды
Жамбыл облысында 19 жастағы ананың өліміне қатысты қоғамдық резонанс туындады. Осы оқиға аясында саясаттанушы Ғазиз Әбішев тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюдың нақты жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазіргі уақытта қоғамда Жамбыл облысында қайтыс болған 19 жастағы Мадина Рашидқызының қазасы қызу талқылануда. Марқұмның жақындары суицид нұсқасын жоққа шығарып отыр. Олар қызды күйеуі тұрмыстық жанжалдан кейін аяусыз сабап өлтірді деп мәлімдеді. Туыстары марқұмның денесіндегі зорлық-зомбылық іздерін алға тартты. Жанжалға «Барни» шоколадты бисквиті себеп болған делінеді.
Осындай қайғылы оқиғалар аясында саясаттанушы Ғазиз Әбішев өз пікірін білдірді. Ол зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін ойындар теориясын қолдануды ұсынды. Бұл ретте әрбір әлеуметтік топ өз стратегиясын жүзеге асыруы тиіс.
Бірінші кезекте ол әйелдерге үндеу жасады. Саясаттанушының пікірінше бұл мәселеде ешқандай сұр аймақ жоқ. Ол қалыпты еркек ешқашан әйеліне қол көтермейтінін баса айтты.
«Егер ол бір рет қол көтерсе, әрі қарай да ұра береді. Бұл анық. Сондықтан ең дұрыс стратегия – бірден кетіп қалу. Иә, көп нәрсе жібермей ұстап тұруы мүмкін. Бірақ қазіргі қоғамда мұндай адаммен жақсы өмір сүргеннен көрі, тыныш әрі қалыпты өмір құру ықтималдығы жоғары», – деді Ғазиз Әбішев.
Ол егер әйелдер жаппай осындай шешім қабылдайтын болса, бұл қоғамдық нормаға айналатынын жеткізді. Мұндай қадам өз кезегінде үйдегі тирандарды тоқтатады. Тіпті қатыгез туыстардың өзі жігіттің жалғыз қалуынан қорқып, оған алдын ала ескерту жасайтын болады.
Екінші кезекте саясаттанушы ұстамсыз ер адамдардың туыстарына назар аударды. Ол оларды рулық емес, жалпыұлттық және жалпыадамзаттық логиканы қабылдауға шақырды.
Оның айтуынша әйел бөтен отбасыға келмейді. Керісінше екі жас екі жақпен де бірдей байланысы бар жаңа шаңырақ көтереді. Әбішевтің сөзіне қарағанда келінге деген көзқарас бүкіл халықтың әйелдеріне деген көзқарасты білдіреді және қоғамдағы атмосфераны қалыптастырады.
«Тәкаппарлықты тастап, адам болыңыздар және сүйікті ұлдарыңызды адамша өмір сүруге, яғни қол жұмсамауға көндіріңіздер. Егер еліміздегі барлық үлкен отбасылар зорлық-зомбылықты қолдамай, қайта оны айыптайтын болса, бұл еркектерді тежейді», – деді саясаттанушы.
Үшінші топ ретінде ол полицейлерді атап өтті. Құқық қорғаушылар тұрмыстық тирандарға аса қатаң қарауы қажет. Олар фактіні тіркеп қана қоймай, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.
Саясаттанушы погон таққандардың өз миссиясын түсінуі маңызды екенін атап өтті. Ол миссия қазақ әйелдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Осылайша қоғам әлеуметтік эволюцияның жаңа кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әрбір эпизоды күнделікті рутина емес, төтенше жағдай ретінде қарастырылады.
Ғазиз Әбішев зорлық-зомбылықты мүлдем қабылдамайтын атмосфера құру қажеттігін алға тартты. Ол ата-анасының қолында күліп ойнап жүрген кішкентай қыздарды мысалға келтірді. Олар надан тирандардың құлы болу үшін немесе біреудің комплексін шығару үшін жаратылмаған. Егер қоғам жүз мыңдаған қазақ әйелінің азап шегуіне жол берсе, биік құндылықтар туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ екені айтылды.
«Осындай стратегияларды әрбір мақсатты топта ілгерілету керек. Сонда ғана жағдайды түзеуге мүмкіндік бар. Қоғам эволюциядан өтуі тиіс, ескіліктен бас тартып қана қоймай, онымен барынша күресуі керек», – деді саясаттанушы.
Соңғы жаңалықтар