"Дала Қырандары" Астана мен Өскеменде жасырын спирт цехы мен жүздеген литр суррогатты әшкереледі

07.07.2026 17:08 Қарақат АСЫЛОВА
51
Фото: Дала Қырандары

Астана мен Өскемен қалаларында "Дала Қырандары" жастар қозғалысы ірі заңсыз алкоголь саудасының жолын кесіп, жүздеген литр қауіпті өнімді тәркілеуге мұрындық болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл 7 шілдеде жастар бірлестігі контрафактілік өнімдерге қарсы күресті жаңа деңгейге көтерді. Енді белсенділер тек ұсақ дүкендерді емес, тікелей ірі көтерме жеткізушілерді нысанаға алып отыр. Жаңа форматтағы алғашқы ауқымды рейдтер елордадағы Тілендиев көшесі 24 мекенжайындағы "Ұлжан" базары мен Өскемендегі Асқартау көшесі 8 мекенжайында қатар өтті.

Астанадағы тексеріс барысында 160 литр шығу тегі белгісіз спирт өнімі табылды. Бастапқыда полиция бұл жағдайды Әкімшілік кодекстің 200-бабымен ғана шектемек болған. Алайда белсенділердің табандылығының арқасында іс әлдеқайда қатаң саналатын 282-бапқа ауыстырылып, заң бұзушыға хаттама толтырылды. Табылған тауарлар толығымен тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.

Ал Өскемендегі жағдай одан да күрделірек болып шықты. Белсенділер суррогат алкоголь сақтайтын үлкен цистерналары бар тұтас жасырын өндіріс орнын тапты. Заңсыз цехтың жұмысын тоқтату және ұйымдастырушыларды жауапқа тарту үшін оқиға орнына Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел шақырылды. Онда барлығы 205 литр қауіпті сұйықтық анықталды.

Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, арзан әрі сапасыз ішімдік қоғам үшін өте қауіпті қатер. Бұл акцияның басты мақсаты жастарды ерте бастан масқұмарлыққа салынудан сақтап, ұлт саулығын қорғау болып табылады.

"Осы науқан аясында атқарған үш жылдық жұмысымыздың нәтижесінде бірлескен күш-жігердің арқасында айналымнан 1 500 мың литрден астам суррогат алкогольді тәркіледік — бұл мыңдаған адамның өмірін арашалап қалды деген сөз. Алайда, бұл мәселені біржола шешу үшін тек бөлшек саудамен ғана шектелу жеткіліксіз, ірі партиялардың таралуына тосқауыл қою керек. Біз үшін құрғақ көрсеткіштер емес, әрқашан ұлт саулығы мен адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады", – деді "Дала Қырандары" бірлестігінің Астана қаласындағы үйлестірушісі Мейірболат Тоитов.

"Бүгін Астана мен Өскемен қалаларында өткен рейдтер негізгі назарды ірі жеткізушілерге аударудың өзін-өзі толық ақтағанын дәлелдеді. Тәркіленген өнімнің барлығы полицияға өткізілді. Біз бүкіл ел бойынша жүйелі әрі ауқымды әрекет ете отырып, қалаларымызды бұл удан тазартуды ары қарай жалғастырамыз", – деп мәлімдеді ұйымның Өскемендегі үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев.

Бұл ауқымды шара тек жастар бірлестігінің өз бастамасымен жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта белсенділер сауда нүктелерін тұрақты түрде бақылап, бұзушылықтарды тіркеп, барлық деректерді құзырлы органдарға жолдауды жалғастыруда.

Войдите, чтобы оставить комментарий