«Құлағының бір бөлігін кесіп алған»: ШҚО-да әйел бұрынғы күйеуіне шыққан үкімге наразы (ВИДЕО)
Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы әйеліне шабуыл жасап, бет-әлпетін зақымдаған ер адамға сот үкімі шықты. Алайда жәбірленуші сот шешімімен келіспей отыр, деп хабарлайды Politico.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
40 жастағы жәбірленушінің айтуынша, оқиға шілде айының соңында болған. Бұрынғы күйеуі оны өзі жұмыс істейтін дүкенде кездестіріп, кеңсе пышағымен бірнеше рет жарақат салған. Салдарынан әйел құлағының бір бөлігінен айырылған.
Жәбірленуші денсаулығына келген зақымның зардабын әлі күнге дейін тартып отырғанын айтады: есту қабілеті нашарлап, қатты шу құлағын ауыртып, жайсыздық тудырады. Алда әлі талай медициналық тексеру мен ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Сонымен қатар ол ауыр психологиялық соққыдан да әлі айыға алмаған.
«Әлі толық қалпыма келген жоқпын. Қатты шу болса, бірден құлағыма әсер етіп, тартылып қалады. Бір құлағымда екінші дәрежелі, екіншісінде бірінші дәрежелі кереңдік бар», – дейді Самар ауылының тұрғыны Мадина Нұрғалиева.
6 қараша күні сот ер адамды 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ ол жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Бұл үкім әйелді есеңгіретіп тастаған. Оның сөзінше, тағайындалған өтемақы тіпті ем-дом шығындарын да жаппайды. Ол бұрынғы күйеуінің әрекеті анағұрлым ауыр баппен саралануы тиіс еді деп есептейді. Сонымен бірге экс-күйеуі сот отырысы кезінде де өзіне қоқан-лоқы көрсеткенін алға тартты.
Құқық қорғаушы Гүлнар Омарова мұндай жағдайларда агрессорды жазалаумен шектелмей, жәбірленушіні толық оңалту аса маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, өтемақы мөлшері емделу, пластикалық ота және психологиялық көмек шығындарын толық қамтуы керек. Бұдан бөлек, сотталған азамат бостандыққа шыққаннан кейін жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс.
«Жазасын өтеп шыққаннан кейін де ол одан бетер қатыгезденіп, агрессиясы күшейіп, бұл адамға тыныштық бермеуі мүмкін. Сондықтан әйелдің қауіпсіздігін бақылау тиісті деңгейде жүргізілуі өте маңызды», – деді Гүлнар Омарова.
Ал Мадина Нұрғалиева сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, бұрынғы күйеуіне қатаңырақ жаза тағайындауға қол жеткізуге ниетті.
Соңғы жаңалықтар