«Дәрігерлер көз тиген деп қайтарған»: Алматы облысында екі жасар бүлдіршін көз жұмды

09.07.2026 11:02 Мөлдір ҚАЙНАР
«Дәрігерлер көз тиген деп қайтарған»: Алматы облысында екі жасар бүлдіршін көз жұмды
197
Фото: pixabay

Әлеуметтік желіде Шонжыдағы Ұйғыр аудандық ауруханасы дәрігерлерінің салғырттығынан 2.5 жасар Медина есімді кішкентай қыз баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

​Жақындарының айтуынша, оқиға айдың 6-сы күні басталған. Баланың жағдайы нашарлаған соң ата-анасы оны Ұйғыр аудандық ауруханасына тексеруге алып барған, алайда ондағы медицина қызметкерлері тиісті көмек көрсетпеген.

​«Баланы дұрыстап қарамаған, сол мекеменің дәрігері «көз тиген, бәрі жақсы, емшіге барыңдар Шонжыға» деп қайтарып жіберген, міндетті медициналық көмек көрсетілмеген. Түнде де барған ауруханаға, «дәрігер жоқ, таңғы 9-да келеді» деп қайтарып жіберген. Сол ауыл-аймақ адамдары түнде ауырмау керек пе? Не деген салғырттық? Білімі жетпесе, медицинадан хабары болмаса бірден айту керек қой «білмейміз, қалаға апарыңыздар» деп, адам өмірі ойыншық емес қой», – деп күйінді жазба авторы.

​Айдың 7-сі күні кешке баланың жағдайы қатты асқынып кеткен соң, ата-анасы жолға шығып, Алматыдағы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткен. Бүлдіршін сол жерде бірден реанимация бөлімшесіне түскенімен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады.

​«Сол жердегі дәрігерлер пневмония, өкпе ісінуі деп айтты. Кішкентайымыздан айырылып қалдық, жүрек қақ айырылып тұр. Небәрі 2.5 жасар бала. Туған-туыс, әке-шешесі қан жұтып отырмыз», – деді қаралы отбасы өкілдері.

​Баланың жақындары бұл қайғылы жағдайды құзырлы органдар жіті тексеріп, тиісті назарға алуын талап етуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий