"Дәстүр бойынша жалаң аяқ жерге тұрғыздық": Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова қыздарының тұсауын кестірді

13.08.2026 16:47 Мөлдір ҚАЙНАР
85
Фото: видеодан скриншот

Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші сәбилері Рабия Сұлтанның 1 жасқа толған туған күні мен тұсаукесер тойын Алматыда дүркіретіп өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен жиында сәбидің тұсауын белгілі журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан кесті.

"Жұлдыз Әбдікәрімова өтініш білдіргенде, мұны абырой мен сенім деп қабылдадым. Рабия – Нұртас әулетіне шуақ болып келді. Балалары көз алдымызда өсіп келеді, барлығы өнерлі, тәрбиелі. Қайрат пен Жұлдыздың отбасына тек бақыт тілеймін", — деп жазды Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жұлдыз Әбдікәрімова қызының тұсауын ұлттық дәстүрге сай кестіргенін айтып, қолданылған әрбір жоралғының мағынасын түсіндіріп өтті.

"Тоқ ішек – тоқшылық пен молшылықтың, жасыл шөп – өмір мен жаңарудың, ал ала жіп – адалдықтың белгісі. Дәстүр бойынша қызымызды жалаң аяқ жерге тұрғыздық. Табанымен көкті басып, жер қуатын алсын дедік. Әр қадамың Жер-анаға аманат", — деді Жұлдыз Әбдікәрімова.

Рабия Сұлтан – Қайрат Нұртас мен Жұлдыз Әбдікәрімованың бесінші перзенті. Желі қолданушылары да отбасының қуанышына ортақтасып, бүлдіршінге ақ тілектерін жаудыруда.

Войдите, чтобы оставить комментарий