Депутат араласқан соң 13 жастағы қызды зорлаған ер адам өмір бойына сотталды
Шығыс Қазақстан облысында 13 жастағы қызды зорлағаны үшін екі жылға ғана сотталған педофилдің жазасы қатаңдатылып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 2025 жылдың 20 қазанында болған. Катонқарағай ауданының 30 жастағы тұрғыны басқа ауылға көлігімен барып, кәмелетке толмаған таныс қызын көлігіне отырғызып, жыныстық қатынасқа түскен.
Ол бұл әрекетін қыздың өз келісімімен болды деп түсіндірген. Бастапқыда іс жас балаға зорлық көрсету бабымен қаралғанымен, бірінші сатыдағы сот оны 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу бабына ауыстырып, небәрі 2 жылға бас бостандығынан айырған.
Ер адам бір жылын тергеу изоляторында өткізгендіктен, көп ұзамай бостандыққа шығуы тиіс еді.
Бұл шешім жәбірленушінің туыстары мен қоғамның наразылығын тудырды. Мәселеге Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те араласып, қызды қорғап шықты.
«Сот түсініксіз себептермен ер адамды ақтауға кірісті. Оқушы қыздың денесінде қарсыласқан із жоқ, көгермеген, тырналмаған - сол себептен қарсыласпай, өзі келіскен деп шешті», - деді депутат.
Қоғамдық резонанстан кейін апелляциялық сот істі қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың барлық мән-жайды ескермегенін анықтады. Нәтижесінде жеңіл жазаның күші жойылып, ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 13 жастағы қызды зорлаған ВИЧ жұқтырған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.
Соңғы жаңалықтар