Депутат Үкіметтен 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні жабуды сұрады

10.09.2026 14:18 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Депутат Үкіметтен 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні жабуды сұрады
131
Фото: magnific.com

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынды. Депутат бұл мәселе бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, әлеуметтік желі бүгінде баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес. Ол балалардың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін факторға айналған.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында осы мәселеге назар аударғанын айтты. Президент әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдаған.

Әшімжановтың сөзінше, бұл мәселе сайлаушылармен кездесулер кезінде де жиі көтерілген.

Депутат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген HBSC зерттеуінің деректерін келтірді. Зерттеу 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған.

«Нәтижесінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланушылардың үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскені анықталған. Бұл – мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты», – деді депутат.

Ол 2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижелеріне де тоқталды. Соған сәйкес, Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60%-ының, ал 11–12 жастағы балалардың 66%-ының әлеуметтік желіде аккаунты бар.

«Балалардың 88%-ында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз. Бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын, алайда ата-ана тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Депутат балалардың әлеуметтік желі арқылы буллингке ұшырауы да көбейгенін айтты. Балалар әл-ауқаты индексіндегі дерекке сәйкес, 10–18 жас аралығындағы балалар арасында мұндай жағдайға тап болғандардың үлесі 2024 жылы 15% болса, 2025 жылы 33,5%-ға жеткен.

Әшімжанов мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік кітап оқуға, спортпен айналысуға, отбасымен қарым-қатынас жасауға және сабаққа дайындалуға бөлінетін уақытты қысқартады.

«Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары түбегейлі әлсірейді», – деді депутат.

Ол басқа елдердегі тәжірибені де мысалға келтірді. Ашық дерек көздеріне сүйенген депутаттың сөзінше, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желіні пайдалану жасына қатысты заңнамалық шаралар нақты қаралған.

Австралия алғашқылардың бірі болып 16 жасты шек ретінде бекіткен. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия және басқа елдерде де күшіне енген. Көптеген мемлекет 15–16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр.

Депутат Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет деп есептейді. Алайда оның айтуынша, мәселені тек заң қабылдау арқылы шешу жеткіліксіз.

«Баланың жасын қалай анықтаймыз. Жеке деректерін кім және қалай қорғайды. Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады. Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады. Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар, оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өтті. Біздің басты мақсатымыз – балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Әшімжанов.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды сұрады. Сондай-ақ балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Бұдан бөлек, мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі түрде оқытуды ұсынды. Әлеуметтік желінің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу де депутаттық сауалда көтерілді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында 16 жасқа толмаған балаларды әлеуметтік желіге тіркеуге тыйым салу мәселесін тағы да көтерген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий