Депутаттар Бас прокуратураға дәрі-дәрмек саласындағы былықты жеткізді

Депутаттар прокуратураға шағымданды
Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов еліміздегі басты дәрі-дәрмек жеткізушісі «СК-Фармация» компаниясының әрекетін тергеуді талап етіп, Бас прокуратураға ресми арыз түсірді. Бұл шешім Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген тексерістен кейін қабылданған. Палата фармацевтика саласына жүргізген мониторинг барысында бірнеше сорақы фактілерді анықтаған.
Аудиторлардың дерегіне сүйенсек, «СК-Фармация» кейбір препараттарды нарықтағы бағасынан бірнеше есе қымбатқа сатып алған. Мысалы, «КазМедПром» компаниясы ауруханаларға медициналық қолғаптарды 8 миллиард теңгеге өткізген. Алайда бұл қолғаптар Таиландтан небәрі 4 миллиардқа сатып алынған екен.
Тағы бір сорақы жайт - 17 миллиард теңгеге алынған дәрілер мүлде қажет болмаған. Яғни, ауруханаларға керексіз препараттар сатып алынған, ақыры олар қоқысқа тасталған.
Бұдан бөлек, кейбір препараттардың сатылымға шығуына әдейі кедергі жасалған. Мысалы, «Кластеон» деген дәрі 2,5 жыл бойы тіркеу құжаттарын күтіп тұрған. Осы уақыт ішінде оның баламасы әлдеқайда қымбат бағамен сатып алынған. Ал кейбір басқа дәрілер небәрі 25 күнде рұқсат алып отырған. Мұндай екіұшты стандарттар жүйелі проблеманы көрсетеді.
Ең қауіптісі - еліміздің ауруханаларында ешбір сараптамадан өтпеген, сертификатсыз дәрілер қолданылып жатқаны. Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметінше, осындай 23 миллион бірлік препарат бар, олардың жалпы құны -12 миллиард теңге.
Осы деректердің бәрін негізге ала отырып, депутаттар Бас прокуратурадан қылмыстық іс қозғауды сұрап отыр. Олар бюджет қаржысының желге ұшып жатқанын айтып, бұл схемалар арқылы жыл сайын ондаған миллиард теңгенің қолды болып отырғанын жеткізді.
Мемлекет қыруар қаражат үнемдей алар еді, алайда біреулерге дәріні қымбатқа сатып алған тиімді көрінеді.
Дереккөз: Михаил Козачков
Соңғы жаңалықтар





