Димаштың Ресейде жоспарланған концерті өтпейтін болды
Қазақ эстрадасының әншісі Димаш Құдайбергеннің Қазанда өтетін «Жаңа толқын» халықаралық байқауы аясында жоспарланған шығармашылық кеші өткізілмейді. Оның орнына Ресейдің халық әртісі Юрий Антоновтың мерейтойлық жеке концерті ұйымдастырылады. Бұған дейін Димаштың концертіне сатып алынған билеттер Юрий Антоновтың кешіне де жарамды болады. Бұл туралы «БИЗНЕС Online» басылымы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Айта кетейік, былтыр да көрермендер «Жаңа толқын» фестивалінде Юрий Антоновтың өнер көрсетуін тағатсыздана күткен еді. Ол ретро-концертке қатысуы тиіс болған. Алайда сахнаға шығар алдында денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жеткізілген. Соған қарамастан, келесі күні әнші көрермен алдына шығып өнер көрсетті.
Биыл «Жаңа толқын» фестивалі 20-26 тамыз аралығында Қазан қаласында өтеді. Бағдарламаға үш байқау күні, кеңестік композитор Раймонд Паулс пен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Игорь Сарухановтың шығармашылық кештері, қазылар алқасы мүшелерінің жаңа әндерінің тұсаукесері мен дәстүрлі гала-концерт енгізілген.
Фестивальге Филипп Киркоров, Анна Асти, Владимир Пресняков, Игорь Николаев, «Комната Культуры» тобы, Джиган және Ресей эстрадасының өзге де танымал өнерпаздары қатысады.
Биыл «Жаңа толқын» байқауында бес елден барған 13 қатысушы жүлделі орындар үшін бақ сынайды. Қазылар алқасына ресейлік композитор Игорь Крутой төрағалық етеді. Фестивальдің негізгі бағдарламасы New Wave Hall концерт алаңында өтеді.
Соңғы жаңалықтар