Дінтанушы ғалым: «Осы дүниеден құтылсам, о дүниеде рахаттанамын» деу қате

28.09.2026 • 13:47 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дінтанушы ғалым: «Осы дүниеден құтылсам, о дүниеде рахаттанамын» деу қате
160
Фото: видеодан скриншот

Дінтанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы исламтану, құрантану және теология салаларының ғылыми негіздеріне тоқталып, Құранда сипатталған табиғи әрі биологиялық құбылыстардың заманауи ғылым тарапынан расталуын сарапқа салды. Сонымен бірге сарапшы жан мен рух ұғымдарының ғылыми және философиялық аспектілеріне баға берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ғалым «Қасқа жол» подкастында айтты.

Дінтанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы исламтану мен іргелес пәндердің зайырлы ғылым саласы ретіндегі орнын атап өтіп, бұл бағыттағы зерттеулердің маңыздылығына тоқталды.

«Бұған тағы бір нәрсені қосуға болады, қазір ғылыммен дәлелденген ақиқаттар бар. Ғылыми дәлелдерден кейін өлімге қатысты шындыққа оралайық. Исламтану – ол ғылым, тіпті айтар едім, зайырлы ғылым. Құрантану, хадистану, дінтану мен теологияның барлығы – ғылым салалары. Сондықтан сіз бен біздің қозғап отырған бұл тақырыбымыз негізінен ғылыми әңгімеге жатады. Мұнда ақпараттық материалдар мен түсіндірмелер беріліп жатыр, бірақ мен мұны ең алдымен ғалым ретінде сараптаймын. Исламтанудың бір ерекшелігі – исламдағы көптеген құбылыстың ғылыми тұрғыдан толық дәлелденуінде. Дүниенің және жер бетіндегі адамзат тарихының қорытындылануы да осыдан байқалады. Құранда айтылған бірде-бір сөз дәлелсіз қалған жоқ, бәрі айғақталды. Таза метафизика, ғарыш пен астрономия, геология салалары арқылы көптеген дәлел табылды. Мәселен, жердің де, аспанның да жеті қабаттан тұратыны айғақталды. Сонау 14 ғасыр бұрын Құранда айтылған пульсар жұлдыздары тек осы ғасырда ғана ашылды», – деді Айнұр Әбдірәсілқызы.

Ғалымның айтуынша, заманауи биология, география және физика салаларындағы бірқатар жаңалықтар Құран мәтіндерінде ертеден-ақ сипатталған.

«Адамның дүниеге келуі, жатырдағы даму сатыларының барлығы баяғыда-ақ ғылыми тұрғыдан нақтыланды. Құранда қалай айтылса, дәл солай шықты. Тіпті адамдардың қолтаңбасы бір-біріне ұқсамайтыны да Құранда жазылған. Ал біз XXI ғасырға келіп қана саусақ мөрін басуды үйрендік. Сондай-ақ жауған жапырақ пен әрбір қар түйіршігінің қайталанбайтыны да айтылған. Географиядағы бір-біріне қосылмайтын теңіздер де, басқа да құбылыстар расталды. Мәселен, толқынның жоғары көтеріліп, қайта қайтуы да Құранда көрсетілген. Сол толқынның арқасында бүгінде ұялы телефонмен аман-есен байланысып отырмыз. Адамның өз бойында да байланыс орнату күші бар, бұл – толқынсыз-ақ қатыса алатын әулиелерге тән қасиет», – деді дінтанушы.

Сарапшы адам феномені мен жан концепциясын зерттеудің ХХ ғасырдағы ғылыми ізденістеріне тоқталып, нейробиологиялық көзқарастарды мысалға келтірді.

«Жанның өлмейтінін ғылым әбден дәлелдеді. Бұл зерттеулер өткен ғасырдың ортасында, кеңестік атеистік қоғам заманында-ақ басталған еді. Сол кездің өзінде клиникалық өлімдерді, рухтың мүмкіндіктерін және адам қайтыс болғаннан кейінгі тәннің күйін зерттеді. Тіпті өсімдікті кесіп, тамырынан жұлып алғаннан кейін де оның биоөрісінде қалатын толқындар мен құбылыстар арқылы жанның өлмейтіні дәлелденген болатын. Кейін бұл тақырып жабылып қалғанымен, қазір қайта жанданып, үлкен зерттеулерге арқау болып жатыр. Тіпті мидың табиғатын зерттейтін нейробиология ғылымының өзі де жанның өлмейтінін айғақтады. Сондықтан барша адам қуана берсе болады, ғылыми тұрғыдан біз өлмейміз», – деді дінтанушы.

Сонымен қатар спикер бұл тақырыпты Абай Құнанбайұлының дүниетанымымен байланыстырып, тән, жан және рух ұғымдарының аражігін түсіндірді.

«Бұл – баяғы Абай айтқан ой, "Мені" мен "менікінің" мағынасы — екі. "Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, "Менікі" өлсе өлсін, оған бекі". Яғни «менікі» деген – тән, ал «мен» деген – жан. Жанның өлмейтіні Исламда да, Абай ілімінде де айтылған. Жан – жай ғана бір күйден екінші күйге ауысады. Өмірде жүргенде біз жан, тән және рух деген үш болмыспен өмір сүреміз. Жаннан тыс рухтың бар екенін білеміз. Рух арқылы адамға ақыл, иман, ар-ұждан және парасат дариды. Абайдың «Малда да бар жан мен тән...» деуі де адамда осы үшінші сипат – рухтың бар екенін білдіреді. Адам қайтыс болғанда, жан тәннен бөлініп, рух деңгейіне көшеді де, басқа болмысқа ауысады. Тән топыраққа қайтады, ал рух мәңгілік өмірге өтеді. Алла жарылқаса, Хақ деңгейіне көтеріледі. Қысқасы, рух өлмейді. Сол себепті осы өмірде жүргенде рухтың мүмкіндіктерін жүзеге асырып, оның тыныштығын тапқан жөн. Өлім – таңсық дүние емес, ол – өмірдің заңды жалғасы. «Осы дүниеден құтылсам, о дүниеде рахаттанамын» деу қате. Бұл дүниеде жаның қандай күйде болса, о дүниеде де солай болады. Егер осы өмірде жаның тыныштық пен мағына тауып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асырмаса, о дүниеде де сондай шерменде күйде қалуы мүмкін. Ал әулиелер өмірден әулиелік халінде өтеді...» – деді ғалым.

Войдите, чтобы оставить комментарий