Трамп Ресей мен Қытай одағын қолдамайтынын ашық айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Қытайдың тым жақындасуына жол беруге болмайтынын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Fox News арнасына берген сұхбатында Дональд Трамп АҚШ-тың Ресей мен Қытай арасындағы байланысқа сақтықпен қарайтынын ашық жеткізді. Президенттің сөзінше, бұл екі елдің жақындасуы АҚШ мүддесіне сәйкес келмейді.
«Тарихты зерттеген адам ретінде, ал мен мұны жақсы білемін – ең алдымен сіз Ресей мен Қытайдың бірігуін қаламайсыз», – деді Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы өткен келіссөздерден кейін.
Республикалық партия лидері Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың табиғи емес екенін атап өтті.
«Қазір олар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста шығар, алайда біз екі жақпен де жеке-жеке достық қарым-қатынасты дамытамыз», – деді ол.
Кейбір сарапшылар Трамптың Ресеймен достық орнатуға ұмтылуын Мәскеу мен Бейжіңнің арасын ажырату үшін қолданылған «кері Никсон» әдісі деп бағалады. Бұл термин қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ-тың Кеңес Одағы мен Қытайдың одағын ыдырату мақсатында жасаған әрекеттерін сипаттау үшін қолданылады.
Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресейдің Қытайдың серіктесіне айналуына жол бермеу керек екенін, алайда бұл екі ядролық державаның өзара жауласуы жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін мәлімдеген болатын.
Трамп өз сұхбатында Ресей мен Қытайдың жақындасуына АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың «сәтсіз энергетикалық саясаты» себеп болғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұған дейінгі АҚШ әкімшілігі елде таза энергияны дамыту бағдарламасын жүзеге асырып жатқанда, Қытай көмір энергетикасын қолдану арқылы әділетсіз экономикалық артықшылыққа ие болған.
Трамп президенттікке келгелі Ресей президентімен тікелей байланыс орнатқанымен, Қытай көшбасшысымен әлі де келіссөз жүргізген жоқ. Бұған қоса, АҚШ әлемдегі екінші ірі экономикалық ел – Қытайға қарсы екі рет тарифтерді көтерген болатын.
«Қытайға сауда мәселесінде АҚШ өте қажет, бірақ біз сауда тапшылығын теңестіруіміз керек», – деп түйіндеді Трамп.
Соңғы жаңалықтар





