"Достық, құрмет және бірлік символы": Димаш Құдайберген Мексикада табысталған ерекше марапат үшін алғыс айтты

"Достық, құрмет және бірлік символы": Димаш Құдайберген Мексикада табысталған ерекше марапат үшін алғыс айтты
Фото: instagram.com/dimash.news

"Достық, құрмет және бірлік символы": Қазақстанның халық әртісі, әлемге әйгілі әнші, композитор әрі продюсер Димаш Құдайберген Мексика астанасы Мехикода өзіне табысталған құрметті марапатқа қатысты әсерін бөлісіп, ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

19 қараша күні Мехикодағы «Palacio de los Deportes» аренасында өткен шарада өнер иесіне Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) арнайы белбеуі табысталған болатын. Димаш бұл марапатты қазақ өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуы мен әлемдік мәдениеттегі жетістігінің айғағы деп бағалады.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында спорт пен музыканың тілі бөлек болғанымен, екеуін рух күші, тәртіп, кемелдікке ұмтылу және әлем халқын біріктіру қасиеті ортақтастыратынын атап өтті:

«Мехикодағы бүгінгі кеш мен үшін ерекше болды. Сахна төрінде құрмет пен мойындаудың белгісі ретінде Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) белбеуін алу мен үшін зор мәртебе әрі өмірімдегі ұмытылмас сәтке айналды. Бұл терең мағыналы, символдық қадамы үшін WBC ұйымына шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ сахнаға шыққан сайын маған шексіз махаббат, жылулық пен құрмет сыйлайтын сүйікті Мексикама рақмет! Мен үшін бұл белбеу жай ғана сыйлық емес, достық, құрмет және бірлік символы», — деп жазды Димаш Құдайберген.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері әншіні бұл мәртебелі марапатымен құттықтап, «Сен нағыз дарынсың! Бұған әбден лайықсың», «Сенімен мақтанамыз», «Өнер мен спорт адамдарды біріктіреді» деп жылы лебіздерін жаудыруда.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу