«Ұлыма лайық емессің»: Келінін ұрып-соғып, өлімге итермелеген енеге үкім шықты

«Ұлыма лайық емессің»: Келінін ұрып-соғып, өлімге итермелеген енеге үкім шықты
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Келініне үнемі қорлық көрсетіп, оны өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген өзбекстандық ене 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz іс материалдарымен танысып шыққан «Дарьо» басылымына сілтеме жасап.

Өзбекстанның Қашқадария облысының Қамаши ауданында келінін жүйелі түрде соққыға жығып, балағаттап, туыстарымен араласуына шектеу қойып, соңында өзін-өзі өлтіруге жеткізген ене 5 жылға сотталды.

Мәліметке сәйкес, 1976 жылы туған Г.Ч. 2023 жылдың күзінде ұлы Х.М.-ді Э.А.-ға үйлендірген. Осыдан кейін олар бір пәтерде бірге тұра бастаған. Күйеуі мен ұлының табысын, сондай-ақ отбасының өзге де мүлкін өз қолында ұстаған әйел барлық талаптарын келініне жүктеп, оны үнемі қорлап, соққыға жығып, құқықтары мен бостандықтарын шектеп отырған.

2024 жылдың қазан-желтоқсан айларында Г.Ч. келінінің өзіне тиесілі алтын сырғаны басқа адамға беріп жібергенін біліп, бұл мәселені талқылау үшін оның ата-анасына қоңырау шалған. Осыдан кейін ол келінін өзіне толық бағындыру мақсатында оған үнемі психологиялық қысым көрсетіп, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айта бастаған.

Сондай-ақ Г.Ч. мектепте еден жуушы болып жұмыс істей жүріп, өз орнына үнемі келінін жұмысқа жіберіп отырған. Оны қоқыс жинау, еден жуу, су тасу және дәрі шашу сияқты жұмыстарды істеуге мәжбүрлеген. Сонымен қатар келініне «ұлыма лайық емессің» деп талай рет айтып, айтқанын істемесе төркініне қайтарып, ұлын басқа қызға үйлендіретінін айтып қорқытқан.

Бұдан бөлек, енесі келінінің ұялы телефонын тартып алған. Соның салдарынан Э.А. ата-анасымен және туыстарымен бөтен адамның телефоны арқылы сөйлесуге мәжбүр болған. Ал Г.Ч. сөйлесу кезінде оның қасында тұрып, әңгімесін бақылап отырған.

2025 жылдың 30 мамырында Э.А. сабаққа дайындалып отырып, өз бөлмесінде ұйықтап қалған. Мұны көрген енесі: «Демалғың келсе, әкеңнің үйіне бар», – деп ұрсып, оны ата-анасының үйіне жіберген.

Осыдан кейін Г.Ч. ұлымен сөйлескенде келінінің сағат 7:30-ға дейін ұйықтайтынына наразылық білдірген.

«Мен оған: «Менің айтқанымды істемейтін келін маған керек емес, кете беріңдер» дедім», – деген ол әңгіме барысында.

Сол әңгімеде айыпталушы ұлына әйелі қоңырау шалса, анасын кінәламауды, ал ұйықтай алмаса әкесінің үйінде қалуды айтып, телефонын сөндіріп тастаған.

Кейінірек Э.А. күйеуінің пәтеріне қайта оралған. 10 маусым күні ол байқаусызда миксерді сындырып алған. Мұны естіген Г.Ч. келінін балағаттап, сынған шыны ыдыстың орнына ата-анасынан жаңа миксер әкеліп беруді талап еткен.

Э.А.-ның ағасы жаңа затты әкеліп бергеннен кейін де енесі түрлі сылтаумен жанжал шығарып, келінін ұрып-соғуын тоқтатпаған. Сол күні Э.А. өзіне-өзі қол жұмсамақ болған.

Келесі күні Э.А. аулада бір жасар ұлын шомылдырып жатқан кезде, енесі: «Саған үстелдің үстіне төсеніш жай деп айттым ғой, неге істемедің?» – деп тағы да ұрыс шығарған. Г.Ч. кәмелетке толмаған қызымен бірге келінін соққыға жыққан. Содан кейін немересін қолына алып, Э.А.-ны далаға сүйреп шығарған. Келінінің «Әкемнің үйіне бармаймын» дегеніне қарамастан, оны үйден қуып шыққан.
 
Осы оқиғадан кейін Э.А. махалла (аудан тұрғындары) жиынына жүгінген. Ол енесімен тіл табыса алмайтынын және оның әрекеттеріне шыдай алмайтынын айтып, уақытша ата-анасының үйінде тұру үшін махалла қызметкерлерінің көмегімен киімдерін алып шығуға жәрдемдесуді сұраған. Оның өтініші бойынша тиісті хаттама толтырылған.

Х.М. Ташкенттен оралып, әйелін үйіне алып кеткісі келгенде, анасы бұған қарсы болып, ажырасуды талап еткен. Алайда ұлы әйелін үйіне қайта әкелген. Қақпадан кірген сәтте Г.Ч. келінін қайта қуып, немересін алып қалатынын айтқан. Э.А. кешірім сұрағанымен, енесі оның әкесіне қоңырау шалып, бұл мәселені қайта қозғаған.

2025 жылдың 28 шілдесінде Г.Ч. келінімен тағы да жанжалдасып, оның оң көзінен ұрып, баласын тартып алған және өзін-өзі ұрып-соғып (жала жабу мақсатында) айқай шығарған. Дәл сол күні Э.А. өзіне-өзі қол жұмсап, көз жұмды. Сот енесі тарапынан көрсетілген тұрақты психологиялық және физикалық қысым келінді өзін-өзі өлтіруге жеткізгенін анықтады.

Қамаши аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотының 2026 жылғы 16 ақпандағы үкімімен Г.Ч. Қылмыстық кодекстің 103-бабы 2-бөлігінің «а» және «б» тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Оған Кодекстің 57-бабы қолданылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Әйел сот залында қамауға алынды.

Г.Ч.-ның адвокаты үкімге шағым түсіргенімен, 2026 жылдың сәуірінде апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Кейін қазан айында қорғаушы тарап қадағалау (тергеу) тәртібімен шағым берген. Қашқадария облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы бұл шағымды да қанағаттандырмай, күшінде қалдырды.
 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу